"Қаралы үйден 3 күн ас ішуге болмайды" деген бар ма?
"Қаралы үйден 3 күн ас ішуге болмайды" деген бар ма?
2 жыл бұрын 21184

Әссәләмуәләйкум! Қаралы үйден 3 күн тамақ ішуге болмайды деген хадис бар ма екен? Осыны айтып жіберсеңіз.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта "мәйіт шыққан үйден ас ішуге болмайды" деген риуаятты кездестірмедік. Бірақ «қаралы үйде қазан көтерілмесін» деген бұйрық бар. Бұл дегеніміз, онсызда қайғыланып қан жұтып отырған отбасыны, ас пісіртіп қонақ күттіртпесін дегендік. Оның орнына көрші-қолаңдары мен ауылдастары ұйымдасып, тамақ пісіріп алып келіп, қаралы үйге қолдау білдіргендері сүннет амал саналған. Бұған қатысты деректерде мынадай хадис келтіріледі, ол хадисте «Жағфар» есімді сахабаның өлім хабары келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у.): 

اصنعوا لأهل جعفر طعاما فإنه قد جاءهم ما يشغلهم. رواه الترمذي  

«Жағфардың жанұясына ас пісіріп апарыңдар. Шынында оларға оларды мәшғұл ететін нәрсе келді» - деп айтқан. (Имам Тирмизи, "Сүнән").

Осыдан келіп «азалы үйде қазан көтерілмейді» деген ереже қалыптасып, ал олардың ішіп-жейтін астарын уақытша көрші-қолаңдары мен ауылдастары қамтамасыз етіп, өз мойындарына ала тұрулары сүннет саналады. Мысалы, қазақ салтында "қонағасы" деген салт бар. Бұл көбіне алыстан көңіл айта келген ағайын-туыс, жекжат-жұраттарға арналған асты ұғындырады. Осы азалы үйдің қонағасын көрші-қолаңдары немесе ауылдас ағайындары өз мойындарына алғандары сауапты. Бұл бір шетінен - қайғылы үйге қолдау білдіру, үлкен көмек. Екіншіден - көрші-қолаң, дос-жараң, ағайын-туыс арасында бауырмалдықты, ұйымшылдықты арттыратын іс. 

Алла Тағала барша отбасыға жақсылығын берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

Абдусамат Қасым