"Радияллаһу анһ" деп тек сахабаларға ғана айтыла ма?
"Радияллаһу анһ" деп тек сахабаларға ғана айтыла ма?
15 күн бұрын 1563

Ассаламу алейкум! "Радыйаллаху анху" деп кімдерге айтылуы керек? Мен тек сахабаларға және үлкен табиғиндарға айтылады деп естігенмін. Ғалымдарға т.с.с кісілерге де айтуға бола ма? Осы жөнінде толық ақпарат бересіздер ме?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, «радияллаһу анһу» деген сөздің мағынасы «Алла оған разы болсын» дегенге саяды. Бұл сөз «дұға-тілек» болып есептеледі.

«Радияллаһу анһу» деп көбіне ардақты сахабалардың есіміне тіркестіріп айту әдеті қалыптасқан болса да, сахабалардан өзге де тәбиғиндер мен кейінгі әулие, ғалымдарға да қолдануға болады. Оның ағат тұсы жоқ1. Қасиетті Құран аятында Алла Тағала сахабалардан риза екендіктерін айта отырып: «Ағаштың түбінде саған қол берген (бият еткен) мүміндерден Алла бек разы болды» делінеді2. Осы аятта сахабаларға қарасты «Радияллаһу анһ» сөзі қолданған. Сондай-ақ, басқа аятта: «Мұһажир мен әнсарлардан алғашқы иман келтіргендер мен жақсылықта оларға ергендерден Алла разы болды (радияллаһу анһум), әрі, олар да Алладан разы болды...»3 - дей келе Жаратушы Иеміз (жәллә жәләәлуһу) сахабалардан басқа олардың ізімен жүруші кейінгі буын мүміндерге де қарасты «Радияллаһу анһум» сөзін қолданып отыр. Осыдан келіп, сахабалардан өзге мархұм дін қайраткерлеріне де «радияллаһу анһ» сөзін қолдануға болады дегенді ұғуға болады.

Кейбір дін ғалымдары «радияллаһу анһ» деп тек сахабаларға ғана айтылсын десе де, ғалымдардың басым көпшілігі ол сөзді өзгелерге де қолдана беруге болатындығын айтқан. Әйтсе де "радияллаһу анһ" деп көбіне сахабаларға қарасты айту үрдіске айналып кеткендігі де рас.

Сахабалардың есімі айтылғанда «радияллаһу анһ» деп айту «мұстахаб» үкімінде. Дүниеден өткен дін ғұламалары мен дін қайраткерлерінің есімін айтқанда «рахимаһуллаһ» (Алла оны рахымына бөлесін), «рахматуллаһи алейһи» немесе «радияллаһу анһ» деген сөздерді қолдану ұнамды әдеттерден саналады.

Қазақ тілінде көп қолданылатын «мархұм» сөзі де негізінде «дұға мазмұндас» сөз болып табылады, оның мағынасы: «рахымға бөленгір». Сол себепті «мархұм» деп дұрыс айтқан абзал.


1  Дәмәд Эфенди: «Мәжмәъуль Әнһур» - Мәсәилуш Шәттә.
2  «Фәтх» сүресі, 18 аят.
3  «Тәубе» сүресі, 100 аят.

Абдусамат Қасым