Мархұмды жерлегеннен соң қабір басында түйе соятындай уақыт отыру керек деген бар ма?
Мархұмды жерлегеннен соң қабір басында түйе соятындай уақыт отыру керек деген бар ма?
18 күн бұрын 4214

Қабір басында түйе сойғанша отыру керек пе?

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, мархұмды жерлеп болғаннан соң бірден тарап кетпестен, қабірдің жанында біраз сәт кідіріп, мархұмға жарылқау тілеп, Құран бағыштап, дұға жасаған абзал. Үкімі мұстахаб. Мұның уақыты риуаяттарда «түйе сойылып, еті тарқатылатындай уақыт» деп топшыланған. Бұл мұстахаб саналады. Бұған қатысты Сахих Мүслімде келтірілген риуаятта сахаба Амр ибн Ас (радияллаһу анһ) өлер шағында өзінің ұлына былай деп өсиет қалдырған:

«Мен өлгеннен кейін, менің соңымнан жоқтау айтушы әйел мен от ілеспесін. Мені жерлегеннен кейін топырағымды әдемілеп төгіңдер. Одан соң қабірімнің айналасында түйе сойылып, еті тарқатылатындай уақыт кідіре тұрыңдар, сендерге арқа сүйеп, Раббымның елшілеріне (періштелерге) не деп жауап қайырарымды ойланайын»1.

Осыдан келіп, қабір басынан бірден тарқап кетпестен түйе сойылым уақыт отырып, мархұмға дұға жасап, Құран бағыштау мұстахаб саналған2. Әрине, дәл түйе сойылатындай уақыт отыру шарт емес, бұны символды сөз деп түсінген дұрыс, бастысы қабір басынан тез тарқап кетпей, жетерліктей уақыт кідіріп, құран бағышталып, мархұмға жарылқау тілеудің пайдасы мол.

Риуаяттарда Пайғамбарымыз (с.а.у.) мархұмды жерлеп болғаннан соң қабірінің басында тұрып, мархұмды соңғы сапарға шығарып салушыларға қарасты: «Бауырларыңа кешірім тілеңдер. Алладан ол үшін беріктік сұраңдар. Шынында ол қазір сұралуда» дейді екен3. Ал сахаба Абдулла ибн Омар (радияллаһу анһ) мархұмды жерлегеннен соң «Бақара» сүресінің бастапқы бес аятын және соңғы аятын (Әмәнәр расулу) оқығанды ұнамды санайтын болған. 

Абдусамат Қасым 


1   وَرُوِيَ أَنَّ عَمْرَو بْنَ الْعَاصِ قَالَ وَهُوَ فِي سِيَاقِ الْمَوْتِ: إذَا أَنَا مِتُّ فَلَا تَصْحَبْنِي نَائِحَةٌ وَلَا نَارٌ، فَإِذَا دَفَنْتُمُونِي فَشُنُّوا عَلَيَّ التُّرَابَ شَنًّا، ثُمَّ أَقِيمُوا حَوْلَ قَبْرِي قَدْرَ مَا يُنْحَرُ جَزُورٌ، وَيُقْسَمُ لَحْمُهَا حَتَّى أَسْتَأْنِسَ بِكُمْ وَأَنْظُرَ مَاذَا أُرَاجِعُ رُسُلَ رَبِّي (Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).
2  Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». Дәфнуль Мәйит.
3  فِي سُنَنِ أَبِي دَاوُد «كَانَ النَّبِيُّ - صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - إذَا فَرَغَ مِنْ دَفْنِ الْمَيِّتِ وَقَفَ عَلَى قَبْرِهِ وَقَالَ: اسْتَغْفِرُوا لِأَخِيكُمْ وَاسْأَلُوا اللَّهَ لَهُ التَّثْبِيتَ فَإِنَّهُ الْآنَ يُسْأَلُ» (Әбу Дәуід: «Сүнән»).