Сәләфилердің айтысына қарағанда Әбу Ханифаның «Алла – аспанда» деген сөзі бар екен. Сол рас па?
Сәләфилердің айтысына қарағанда Әбу Ханифаның «Алла – аспанда» деген сөзі бар екен. Сол рас па?
5 жыл бұрын 16332

Әбу Ханифа былай деген: «Негізінде, Пәк Аллаһ Тағала жерде емес – аспанда». Сол кезде бір адам одан: «Ал сен Аллаһтың мына сөздері туралы не дейсің: «Қайда болсаңдар да, Ол (Аллаһ) сендермен бірге»?», – деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Бұл сенің қасыңда жоқ бір адамға: «Мен сенімен біргемін», – деп хат жазғаның секілді», – деп жауап берді («Әл-әсма уәс-сыфәт» 2/170). Осы мәлімет дұрыс па?

Имам Бәйһақидың (р.а.) «әл-Әсмә уас сыйфат» атты атақты кітабында сұрақта сұралған мәлімет орын алғандығы рас. Нұх ибн Әбу Мәриям Әбу Ъасама есімді бір кісіден жеткен бұл риуаятта, Әбу Ъасама Әбу Ханифаның жанында отырғанда Тирмиз қаласынан бір әйел Әбу Ханифаға келіп: Сен бе, адамдарға дін мәселелерін үйретіп жүрген? Олай болса айтшы, мінажат ететін құдайың қайда? - деп сұраған екен. Имам Ағзам үндемейді де жеті күннен кейін барып жауабын айтады. Жеті күннен соң әйелге барып: «Алла Тағала – жерде емес, Ол - көкте» депті-мыс[1].  

Алайда, аталмыш оқиғаның шынайы екендігінде күмән бар. Неге десеңіз,

Біріншіден – ондай дерек Имам Ағзам Әбу Ханифаның ақида кітаптарының бірде-біреуінде келтірілмеген. Егер, ондай жағдай расымен де тарихта орын алған болса, кітаптарында айтылмай кетуі мүмкін емес еді.

Екіншіден – ондай мәліметті тікелей жеткізуші кісінің аты - Нұх ибн Әбу Мариям Әбу Ъасама. Әбу Ъасама турасында хадисші ғұламалардың көзқарасы көңіл қоншытарлық емес. Хадисші ғұламалар оған өтірікші деп баға берген. Мысалы, әйгілі Имам Бұхари ол жайында: «Нұх ибн Әбу Мәриям – хадисы қабыл етілмейтін адам» деп, баға берсе [2], Имам Зайлағи: «Әбу Ъасама дегені, Нұх ибн Әбу Мәриям болса, ол - «мәтрук»» - деген[3]. Яғни, «тасталынған» деген мағынада.

Имам Табарани де өзінің кітабындағы хадистердің бірін талқылай келе: «Риуаятшылардың арасында Нұх ибн Әби Мәриям бар. Ол – мәтрук үкімінде», - деп өтеді[4].

Хадис ғылымында «мәтрук» деп, әдетте өтірікші риуаятшыларды айтады. Және ондай атаққа қалғандардың риуаяттары алынбайды. Имам ән-Нәуәуи былай деген: «Егер біреу жайында «хадисі мәтрүк», «түкке тұрғысыз» немесе «кәззәб» делінсе, ол адам – түседі және хадисі жазылып алынбайды»[5].

Замандасы Абдулла ибн Мүбәрак мүлдем оны «жалған хадис шығарушыға» теңейді: «Бізде бір шейх бар. Аты Әбу Ъасама. Ол - ибн Һиләл сияқты хадистерді ойдан шығаратын тұғын»[6].

Үшіншіден - Имам Бәйһақи аты аталған кітабында жоғарыдағы мәліметті келтіргеннен кейін өз пікірін білдіріп: «Егер, бұл хикая шын болса...» деп өтеді[7]. Яғни, Имам Бәйһақидің өзі де бұндай оқиғаның Имам Ағзам Әбу Ханифаның басынан өткеніне күмәндануда. Имам Ағзам Әбу Ханифа барлық кітаптарында «Лә мәкән», Алланың мекені жоқ дегенді ұрандап келген.  Ол былай дейді кітаптарының бірінде: «Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып Алла тағала бар еді. «Қайда» жоқ кезде Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді)...»[8].

Ендеше, ақида тақырыптарына келгенде «сахих» хадистердің өзі електен өткізіліп барып қабыл етілетіндігін бірі білсе, бірі білмейді. Олай болған болса, Әбу Ъасама сияқты сөзінің пәтуасы жоқ адамның келтірген мәліметі қалайша дәлел бола алмақ. Ақида мәселелері – ол, Құран аятының деңгейіндегі бұлтартпас дәлелдерді қажет ететін күрделі дүниелер. Негізсіз және күмәнді риуаяттар ақида тақырыптарына алынбайды. Сондықтан да, негізі жоқ мәліметке сүйеніп: «Әбу Ханифа да Алла көкте деп айтқан» деу – сауатсыз әрі жауапкершілігі жоқ адамның сөзі.

Мұнымен қатар, сәләфиттердің «Алла аспанда» деген түсініктеріне дәлел ретінде ортаға қоятын тағы бір мәлімет бар. Ол мәліметте Әбу Ханифа былай деген: «Кімде-кім «Раббым көкте ме, әлде жерде ме екенін білмеймін» дейтін болса, ол кәпір болады...»[9]. Олардың түсінігінше, Имам Ағзамның осы сөзі «Алла көкте» деген сенімдеріне айғақ екен. Бұлай топшылау өрескел қателік. Өйткені, «аспанда ма, жерде ме екенін білмеймін» деудің астарында, әйтеуір екеуінің біреуінде орналасқан деген сөз жатыр. Бұл - Аллаға мекен беру болып табылады. Сол себепті де Әбу Ханифа әлгіндей сөз иесін кәпір деген. Ал, енді Әбу Ханифаның бұл сөзіне қарап: «Ол да Алланы көкте дейді» деу қателік.

Алла баршамызға тәуфиқ берсін!


[1] Имама Бәйһақи: әл-әсмә уәс сыйфат. 397 бет.
[2] Ибн Хажар: Тәһзиб. - وقال البخاري نوح بن أبي مريم ذاهب الحديث
[3] Имам Зайлағи: Насбур риуая.
[4] Имам Табарани: әл-Кәбир.
[5] Имам ән-Нәуәуи: әт-Тәқриб: وإذا قالوا متروك الحديث أو واهيه، أو كذاب فهو ساقط لا يكتب حديثه
[6] Ибн Хажар: Тәһзиб -  قال ابن المبارك لوكيع عندنا شيخ يقال له أبو عصمة كان يضع كما يضع المعلى بن هلال
[7] Имам  Бәйһақи: әл-әсмә уәс сыйфат. 397 бет.
[8] Имам Әбу Ханифа: әл-Фиқһуль Әбсат.
[9] Әл-Фиқһуль Әбсат.

Абдусамат Қасым