Іш дәретке байланысты сұрақ
Іш дәретке байланысты сұрақ
5 жыл бұрын 10370

Ассаламуалайкум! Іш дәретте судың орнына «влажный салфетка» қолданса бола ма? Қанат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Іш дәретті фиқһта «истинжа» деп атайды. Истинжа - тас, кесек, қағаз немесе су сияқты нәжісті кетіруге жарамды заттармен жүзеге асады. Ал, сүйек немесе азыққа жататын заттар, малдың тезегі, күйген кірпіш, фарфор, керамика, шиша, қадірлі әрі құнды заттар, бұлар – іш дәретке жарамсыз. Қолданылған жағдайда, харамға жақын мәкруһ үкімі туады. 

Және кітаптарда айтылғанға қарағанда, истинжада қолданылатын заттың құрғақ болғаны дұрыс екен[1]. Себебі, сүрткіштегі дымқылдық нәжісті жерге тиіп, нәжістің одан бетер жайылуына алып келуі мүмкін. 

Осыған орай, бүгінгі таңда шығып жатқан дымқыл сулықтарды (салфетка) пайдаланған жағдайда ондай олқылық тумайтын болса (мысалы, үлкен дәретте), қолдана беруге рұқсат. Әсіресе, аязды күндері далалы жерлерде жұмыс істейтіндер үшін, үлкен не кіші дәреттен кейін судың орнына дымқыл сулық қолданулары - жеңілдік. Дегенмен, зәрулік жоқ кездері су қолданған дұрыс.

Бұл айтқандарымыз іш дәретке байланысты. Ал, сырт дәретке дымқыл сулық мүлдем жарамсыз. Сырт дәрет - сумен алынады. Суды қолдану мүмкін болмаса, таяммум соғылады.


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар - 2/428 бет.

Абдусамат Қасым