Таурат пен Інжілдің үкімі жойылғандығы жайында Құранда айтылған ба?
Таурат пен Інжілдің үкімі жойылғандығы жайында Құранда айтылған ба?
5 жыл бұрын 6317

Ассаламуағалейкум! Құран түскеннен кейін Тәурат пен Інжілдің үкімі жойылғандығына Құраннан дәлел болатын аят немесе хадис бар ма? Себебі қазіргі уақытта інжіл мен таураттың үкімі жойылғандығы жайлы дәлел жоқ дейді. Қалай жауап берсем болады? Рахмет. 

Асыл Мұхаммеджанов

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрім «Мәида» сүресінде мынадай аят бар:

وَأَنزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ مُصَدِّقًا لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ مِنَ الْكِتَابِ وَمُهَيْمِنًا عَلَيْهِ ۖ فَاحْكُم بَيْنَهُم بِمَا أَنزَلَ اللَّهُ ۖ

«(Ей Мұхаммед) Біз саған өзінен ілгергі кітапты растаушы әрі оған (ілгергі кітапқа) қазылық етуші кітап жібердік. Ендеше, олардың арасында Алланың жібергенімен үкім ет. Өзіңе келген ақиқаттан бұра тартып, олардың назына (қалау, нәпсісіне) бой ұрма»[1].

Осы аятта «қазылық етуші» дей келе, Құран Кәрімнің одан бұрын түсірілген кітаптардың үкімін жойғандығын білдіруде Алла Тағала.

Басқа аяттарда Құдай Тағала аталмыш қасиетті кітаптардың адамдар тарапынан өзгеріске ұшырағандығын ашық баян етеді. Жаратушы Иеміз былай дейді:

يُحَرِّفُونَ الْكَلِمَ عَن مَّوَاضِعِهِ ۙ وَنَسُوا حَظًّا مِّمَّا ذُكِّرُوا بِهِ

«Олар, (Тәурат) сөздерін орнынан өзгертіп, оларға берілген үгітті ұмытты...»[2]

 فَوَيْلٌ لِلَّذِينَ يَكْتُبُونَ الْكِتَابَ بِأَيْدِيهِمْ ثُمَّ يَقُولُونَ هَذَا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ

«Кітапты өз қолдарымен жазып, артынан «мынау Алла тарапынан түскен» деп айтқандарға нендей өкініш»[3].

Бұл аяттың тәпсірінде сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а) былай деп түсініктеме береді:

«Кітап иелері (христиан мен яһуди) Алланың жазған нәрсесін ауыстырып, кітапты өз қолдарымен өзгертті, сосын өзгелер аз ақшаға сатып алулары үшін: «Мынау Алла тарапынан» деп айтты»[4].

Тағы бір аятта Жаратушы былай дейді:

 أَفَتَطْمَعُونَ أَن يُؤْمِنُوا لَكُمْ وَقَدْ كَانَ فَرِيقٌ مِّنْهُمْ يَسْمَعُونَ كَلَامَ اللَّهِ ثُمَّ يُحَرِّفُونَهُ مِن بَعْدِ مَا عَقَلُوهُ وَهُمْ يَعْلَمُونَ

«Олардың сендерге сенетіндіктерін үміт қыласыңдар ма? Шынында олардың Алланың сөзін (Тәуратты) тыңдайтын бір тобы бар еді. Олар оған түсініп болғаннан кейін, біле тұра оны өзгертті»[5].

Мінекей, Алла Тағала Құраннан алдыңғы түсірген қасиетті кітаптарының адамдар тарапынан өзгеріске ұшырағандығын және ішіне адам сөзі кіріптар етілгендігін ашық білдіруде. Өзгеріске ұшыраған кітаптың үкімі жойылмай несі қалды?!

Басқа бір "аяти-кәримада" Мұхаммед пайғамбар мен Құран Кәрімге ілескен кітап иелерінің құтылатындығы жайында айта келе, олардың да Құран Кәріммен амал ету керек екендіктерін бұйыруда. Аятта былай делінеді:

«Сондай қолдарыңдағы Таурат пен Інжілде жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятын, таза нәрселерді халал, лас нәрселерді харам ететін, ауыр жүктен жеңілдетіп, бұғаудан босататын (пайғамбардың келетіндігі) жазулы екендігін көріп, Үмми пайғамбарға ергендер. Олар сондай - Пайғамбарға сенді, оған құрмет көрсетіп, жәрдем етті, әрі онымен бірге түсірілген Нұрға (Құранға) ерді. Міне солар – құтылушылар»[6].

Аталмыш аятта Таурат пен Інжілді қасиет тұтатын адамдардың "үмми" саналатын Мұхаммед пайғамбарға ілесіп, оған түсірілген Құранға еру керектігін бұйырып тұр. Егер, аталмыш кітаптардың үкімі жойылмаса, Пайғамбар мен Құранға еруді бұйырып не қажеті бар?  

Сөз сонында мына бір аятты да бере кетелік. Ол аятта Жаратушы Иеміз бүкіл адамзатты, мейли христиан болсын, мейлі яһуди, не басқа дін өкілі болсын, соңғы пайғамбар Мұхаммед ғалейһиссәләмның жолымен жүруге шақыруда:

«(Мұхаммед Ғ.С.) Былай деп айт:  Әй адам баласы! Мен барлығыңа жіберілген Алланың елшісімін; Ол сондай Алла, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Ендеше Аллаға сеніңдер әрі Аллаға және Оның сөздеріне сенген оқу-жазу білмейтін үмми пайғамбарға иман келтіріңдер әрі оған еріңдер. Сонда тура жол табасыңдар!»[7].


[1] Маида сүресі, 48 аят.
[2] Маида сүресі, 13 аят.
[3] Бақара сүресі, 79 аят.
[4] Сахих Бұхари, №2685.
[5] Бақара сүресі, 75 аят.
[6] Ағраф сүресі, 157 аят.
[7] Ағраф сүресі, 158 аят.

Абдусамат Қасым