"Алтын және күмістен басқа әшекей бұйым тағуға болмайды деген хадис бар ма?"
"Алтын және күмістен басқа әшекей бұйым тағуға болмайды деген хадис бар ма?"
3 ай бұрын 1412

Ассаламу алейкум! Алтын және күмістен басқа әйшекей бұйым тағуға болмайды деген хадис бар ма?! Рахмет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, сауалдағыдай мағынада хадис бар. Мысалы, сахаба Абдулли ибн Бурайданың әкесінен естіген хадисінде былай делінген: 

عن عبد الله بن بريدة، عن أبيه، أن رجلا، جاء إلى النبي صلى الله عليه وسلم وعليه خاتم من شبه، فقال له: «ما لي أجد منك ريح الأصنام» فطرحه، ثم جاء وعليه خاتم من حديد، فقال: «ما لي أرى عليك حلية أهل النار» فطرحه، فقال: يا رسول الله، من أي شيء أتخذه؟ قال: «اتخذه من ورق، ولا تتمه مثقالا» "

«Алла елшісіне бір кісі келді. Қолында мыстан (немесе латуннан) жасалған сақина бар еді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Сенен пұттардың иісін сезіп тұрғаным несі?!» - дейді. Сонда әлгі кісі сақинаны лақтырып жібереді. Кейіннен тағы келеді, ол жолы қолында темірден жасалған сақина бар еді. Ол кезде де Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Сенен тозақтағылардың әшекей бұйымын көріп тұрғаным несі?!» дейді. Әлгі кісі оны да лақтырып жібереді. Сосын артынан: «Уа, Расулалла! Енді қандай нәрседен тақсам болады?» деп сұрады. Алла елшісі оған: «Күмістен тағындар, бірақ (салмағы) мискальдан аспасын» деп жауап берді»1.

Осы хадистен келіп Ханафи ғалымдары: «Еркектерге де, әйелдерге де - темірден, латуннан, мыстан және қорғасыннан сақина тағу харамға жақын мәкруһ» деген тоқтамға келген2.

Ал одан өзге асыл тастардан сақина тағу ер кісілерге де адал, әйел кісілерге де. Өйткені, асыл тастар жоғарыда келтірілген хадисте айтылған металдарға жатпайды. Сондықтан да, мысалы, ер кісілер үшін сақынаның көзі асыл тастан болып, ал сақинаның өзі күмістен болса, оны тағудың әбестігі жоқ3

Осы тұрғыда, Алла елшісінің (с.а.у.) «мәһрге беретін ештемем» жоқ деген сахабаға: «темір сақина болса да бер» деген сөзінен4, Имам Нәуәуи сынды Шафиғи ғалымдары «ең дұрысы -темір сақина тағудың мәкруһтігі жоқ, ал темір сақинаны тағудан тыйған хадис «әлсіз хадис» деген тұжырым білдірген5

Тоқ етерін айтқанда, мұсылман ер адамдарға тек күмістен сақина тағуға болады, ал одан өзге металдардан тағуы мәкруһ, әйтсе де, кей Ханафи ғалымдары асыл тастардан сақина тағуға рұқсат десе, кей ғалымдарымыз асыл тас сақинаның көзінде тұрса ғана рұқсат деген байлам айтады. Өзге кей мәзхаб ғұламаларынша темірден де сақина таға беруге болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


1Әбу Дәуід: «Сүнән».
2Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». Китабуль хазр уәль ибаха.
3Дамад Эфенди: «Мәжмәъуль Әнһур». Китабуль Кәроһия.
4Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №1425 хадис.
5أَصَحّهمَا لَا يُكْرَه لِإِنَّ الْحَدِيث فِي النَّهْي عَنْهُ ضَعِيف. (Имам ән-Нәуәуи: «Шәрху Мүслім». Сахих Мүслім хадис жинағының шархы).

Абдусамат Қасым