Қолында гипсы бар адам қалай дәрет алады?
Қолында гипсы бар адам қалай дәрет алады?
3 ай бұрын 926

Ассаламуғалейкум! Басында жарақаты бар адам, не қолында, не аяғында гипс болса, ғұсыл алатын кезде, жара бар жерге мәсіх тартып қалған жерін жуады ма, әлде таяммум алса бола ма?

 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Қолында гипсі бар адам, дәрет алған кезде гипстің үстінен дымқыл қолымен түгел сипап шығады да, қалған сау ағзаларын әдеттегідей жуады және гипс байланбаған ашық жерлерін, мысалы, қолдың ұштарын сумен жуып шығады. 

Ғұсылда не істейді?

Егер амалдап шомылуға мүмкіндігі бар болса, өзге сау жерлерінің бәрін жуып, ал гипстің үстінен дымқыл қолымен сипап шығады және гипс байланбаған ашық жерлерін, мысалы, қолдың ұштарын сумен жуып шығады.

Басында жарақаты бар адам

Басында жарақаты бар адам, басынан өзге жерлерін жуып, басындағы жарақатының үстінен немесе таңғыштың үстінен сипап, мәсіх тартуы жеткілікті.

Ғұсыл құйыну да зиян болса 

Ғұсыл құйыну да залалды болып жатса, ол кезде ғұсыл үшін таяммум соғып, ал дәрет аларда сау ағзаларын жуып, дәретті сумен ала береді, ондай кезде ғұсыл үшін алған бір таяммумы ғұсыл алуға мүмкіндігі туғанға дейін жарайды. 

Тақырыпқа байланысты мына бір риуаятты келтіре кетелік: Әбу Дәуіттің «Сүнән» кітабында келтірілген риуаятта, сахаба Жәбір ибн Абдулла былай деп әңгімелейді: 

خرَجْنا في سفَرٍ فأصابَ رجلًا منَّا حجَرٌ فشجَّهُ في رأسِهِ ثمَّ احتَلمَ فسألَ أصحابَهُ فقالَ هل تَجِدونَ لي رخصةً في التَّيمُّمِ فَقالوا ما نجِدُ لَكَ رُخصةً وأنتَ تقدرُ علَى الماءِ فاغتسَلَ فماتَ فلمَّا قدِمنا علَى النَّبيِّ صلَّى اللَّهُ عليهِ وسلَّمَ أُخْبِرَ بذلِكَ فقالَ قَتلوهُ قتلَهُمُ اللَّهُ ألا سألوا إذْ لَم يعلَموا فإنَّما شفاءُ العيِّ السُّؤالُ إنَّما كانَ يَكْفيهِ أن يتيمَّمَ ويعصرَ - أو يعصبَ شَكَّ موسَى - علَى جرحِهِ خرقةً ثمَّ يمسحَ عليها ويغسِلَ سائرَ جسدِهِ 

«Біз жолда едік. Арамызда тас тиіп, басы жарылған кісі бар еді. Ол жүнүп болып қалып, бізден: «Мен (шомылмай) тек тәйәммум алсам, жеткілікті ме, қалай ойлайсыңдар? – деп сұрады. Біз оған: «Жоқ. Өйткені, сенде сумен шомылу мүмкіншілігі бар!» – деп жауап берген едік. Осыдан кейін, әлгі кісі шомылғандықтан қайтыс болып кетті. Біз келгеннен кейін, мән-жайдан хабардар болған Алла Елшісі (с.а.у.): «Олар оны өлтірген екен. Оларды Алла өлтірсін! Білмейтін болса сұрап алмайды ма?! Сөзсіз надандықтың емі – сұрап білу! Оған тәйәммум соғып алып, жарақатына таңғыш таңып, сол таңғышқа мәсіх тартып, қалған жерлерін жуса, жеткілікті еді ғой!»  – деді» - дейді сахаба (р.а.)1.


1Әбу Дәуід: «Сүнән». 336. Сахих хадис.

Абдусамат Қасым