Арам өлген малдың етінен шұжық істеп сататындардың күнәсі қаншалықты ауыр?
Арам өлген малдың етінен шұжық істеп сататындардың күнәсі қаншалықты ауыр?
1 жыл бұрын 3342

Арам өлген малдың етінен шұжық істеп сататындардың күнәсі қаншалықты?

Бисмилләһир рахманир рахим

Мұсылман дінінде арам өлген малдың еті - жеуге жарамсыз, харам ет. Ондай малдың етін жеуден Алла Тағала Құран Кәрімде ашық тыйған: «Сендерге өлексе харам етілді...»1 десе, басқа бір аятта өлексенің етін «нәжіс» деп атаған. («Әнғам» сүресі, 145 аят).

Сондай-ақ, буынып өлген, құлап өлген, соққыдан өлген, жыртқыш жеп өлген малдардың еттерінің арам, жеуге жарамсыз екендігіне қатысты Құранда ашық былай айтылған: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Және де буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген малдың еті арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздағандарың басқа...»2.

Өкінішке орай, қазіргі таңда адами қасиеттен жұрдай біреулер арам өлген малдарды алып, оның етінен шұжық т.б. тағам істеп сатып жатады. Оның ол ісі ертеңгі күні тозақ болып алдынан шығарынан бейхабар. Арам өлген малдың етінен шұжық істеп немесе ас пісіріп, халыққа беру - үлкен әрі кешірілмес қылмыс. Олай істеген адам біршетінен аляқтықтықтың күнәсін арқалайды, екіншіден, онысы бүкіл халықтың обалына қалу деген сөз. Кім жесе де соның күнәсі арам шұжық жасап сатқан адамға жазылып тұрады. Ол шұжықты жеген кісінің бойынан жегені түбегейлі қорытылып шығып кеткенше, арам шұжық жасаған адамға күнәсі барып тұрады. Осыдан-ақ, күнәсінің ауырлығын топшылай беруге болады. Соны мыңдаған адам жейді. Бұл дегеніңіз, мыңдаған адамның жегені бойынан шығып жоқ болып кеткенше, күнәсі оған жазылып тұрады деген сөз. Ондай шұжықтан тапқан табысы да тозақ оты болып ішіне түседі. 

Мұндай әбестіктерге тап болмас үшін, тұтынушылар да өз кезегінде шұжық сияқты етті тағамдарды тек адал ас сататын орындардан алуға талпынулары тиіс. Адал ас жеудің рухани пайдасымен қатар, саулық тұрғысынан да пайдасы зор. Және де адал ас жеуге талпынудың өзі құлшылық саналады. Жаратушы Иеміз бізге таза ас жеуді бұйырған, Құдай Тағала былай дейді: «Ей, адамдар! Жердегі (азықтардың) тек адал, таза болғанын ғана жеңдер. Шайтанның соңынан ермеңдер!»- деп бұйырған3.

Алла Тағала тауфиқ, һидаят берсін. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин. 


1  Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 173 аят.
2  Құран Кәрім, «Мәида» сүресі, 5 аят.
3  Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 168 аят.

Абдусамат Қасым