Бақилық ата-анаға балаларының жасай алатын ең абзал амал қайсы?
Бақилық ата-анаға балаларының жасай алатын ең абзал амал қайсы?
2 күн бұрын 515

Бақилық ата-анаға жасалатын амалдардың ең абзалы – олардың атынан садақа беру. Дін ғұламаларының бірауыздан қабыл етуі бойынша, бақилық болған мұсылманның атынан берілген садақаның мархұмға пайдасы бар және сауабы оған жетеді. Бұл пікірдің дұрыстығын дәлелдейтін сахих хадистер де жоқ емес. Атап айтқанда, Әзіреті Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір риуаятта былай делінеді:

«Бір кісі Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: “Менің анам кенеттен қайтыс болып, еш нәрсе өсиет ете алмады. Егер сөйлей алғанда садақа берер еді. Мен анамның атынан садақа берсем, оған сауабы тие ме?” – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): “Иә, оның атынан садақа бер”, – деп жауап берді»¹.

Осы хадиске түсіндірме жасаған Имам Нәуәуи былай деп өткен:

«Қайтыс болған адамның атынан берілген садақаның мәйітке пайдасы бар және оның сауабы марқұмға жетеді. Бұл – ғалымдар бірауыздан мақұлдаған мәселе»².

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте де былай деп әңгімеленеді. Сахаба Саъд ибн Ибаданың (р.а.) анасы ол жоқта қайтыс болады. Ол оралған соң, Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Менің анам мен жоқта қайтыс болды. Егер оның атынан садақа берсем, оған пайдасы тие ме?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә, пайдасы тиеді», – деп жауап береді. Сонда Саъд ибн Ибада (р.а.): «Сізді куәгер етемін, мына құрма бақшам анамның атынан садақа болсын!» – деп өз бақшасын халық игілігіне беріпті³.

Садақадан бөлек, мархұм ата-анаңыз үшін намаздарыңызда дұға жасап, Алладан кешірім тілеп тұру да өте пайдалы. Сондай-ақ, мүмкіндігіңіз болса, олардың атынан қажылық парызын өтеу (егер тірісінде қажылыққа бармаған болса) абзал амалдардың бірі. Бұдан бөлек, Құран оқып, сауабын бағыштау да – хадистерге негізделген, мәйітке сауабы жететін игі істердің қатарына жатады.

Алла Тағала барлық мархұмдарға кеңшілігін беріп, оларды Өз рақымына бөлесін!

1Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
2Әбу Зәкәрия Мұхиддин Яхя ибн Шараф ән-Нәуәуи: «Шарху алял Мүслім». (Сахих Мүслімге жазылған түсіндірме). 1004 хадис түсіндірмесі.
3Имам Бұхари: «Сахих Бұхар».

 

Абдусамат Қасым