Исламда "кошерный" тағамды жеуге бола ма?
Исламда "кошерный" тағамды жеуге бола ма?
2 жыл бұрын 4804

Әссәләмуғалейкум уә рахмвтуллаһи уә бәракәтуһ! «Кошерный» тағамды жеуге бола ма? Алла Разы болсын!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Кошер» деген, йәһуди дінінің нормаларына қайшы келмейтін, ол дінде жеуге рұқсат етілген тағам түрлеріне берілетін белгі. Бұл - Ислам дініндегі «халал» ұғымына ұқсас. Бірақ Ислам дінінде «халал» ұғымы тек азық-түлікті ғана емес, дінімізге қайшы келмейтін барлық нәрсені қамтыса, «кошер» сөзі, йәһуди дінінде, тек азыққа қолданылады.

«Кошерный» тағамды жеуге бола ма, деген мәселеге - «толықтай болады» деп те, мүлдем «болмайды» деп те айта алмаймыз. Өйткені, кей кошер тағамдары Исламда халал болуы мүмкін, кей кошер тағамдары Исламға қайшы болуы мүмкін.

Жалпы алғанда йәһуди дініндегілер Исламда «Кітап иелері» деп аталады. Кітап иелерінің тағамдары дінімізде адал екендігі Құранда ашық айтылған[1]. Йәһуди дінінде де малды тамақтан бауыздайды, доңыз етін жемейді, құрт-құмырсқа жәндіктер мен бауырымен жорғалаушылар ол дінде адал емес, жыртқыш құстар адал емес, су хайуандарынан кейбір балық түрлерінен өзгесі адал емес, т.б. осы сияқты дінімізге сай келетін тұстары бар. Сондықтан да, батыс елдерінде тұратын мұсылман жұртшылығы «халал» асханалары жоқ кезде, «кошер» асханаларын таңдайды екен.

Дегенмен де, мәліметтерге қарағанда, біздің Ислам дінінде адал саналмайтын кейбір қоспалар, ол дінде «кошер» саналуы мүмкін екен. Мәселен, құрамындағы (шарап) алкоголь, желатин сияқты қоспалары бар азықтар йәһуди дінде «кошер» саналатынға ұқсайды. Ал біздің дінімізде құрамында шарап, этил спирті, желатин[2] сияқты қоспалары бар азықтар адал емес. Сондықтан да, «кошерный» деген асты таңдаған уақытта да осы секілді кейбір нюанстарды ескерген жөн. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 5 аят.
[2] Желатиннің өсімдіктен немесе балықтан өңдірілген түрі адал.

Абдусамат Қасым