Консервідегі балықтар адал ма? Жеуге бола ма?
Консервідегі балықтар адал ма? Жеуге бола ма?
2 жыл бұрын 5268

Ассаләмуғалейкум! Шпрот секілді консервідегі балықтарды жей беруге бола ма? Жанат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Консервідегі балықтардың халал не харамдығы - Ханафи мәзхабы бойынша күмәнді деуге болады. Өйткені, ондағы балықтар сыртқы бір себептің салдарынан емес, өз өлімімен өлген балық түрі болуы мүмкін, мысалы, ауырып өлген балық т.б. Пайғамбарымыз бір хадисте: «Теңіз жағаға лақтырып тастаған балықты немесе су тартылып жағада қалып қойған (өлген) балықты жеңдер. Алайда, теңізде өздігіне өліп, су бетінде шалқасынан қалықтағанды (طفا) жемеңдер», - деп бұйырған. (ӘБу Дәуід). Осындай хадистерден әрекет ете отырып, Ханафи ғалымдары: «әлдебір сыртқы апаттың себебінен емес, өзімен-өзі өлген балықты жеуге болмайды» деген[1]. Мысалы, балықты аулап, кейін өлсе, ол - адал, өйткені сыртқы себептің салдарынан өліп отыр. Немесе су балықты жағаға шығарып тастап, сол себепті өлсе, ол да адал, өйткені өліміне толқынның жағаға шығарып тастауы себеп болып тұр т.б. осы сияқты сыртқы себептің салдарынан өлген балықтар адал. Ал мысалы, ауырып өлсе т.б. сыртқы себептің салдарынсыз өздігінен өлген балықтарды жеуге болмайды. Ешқандай себепсіз, өз өлімімен өлген балықтар адал емес.

Бұл – Ханафи мәзхабы бойынша. Ал өзге үш мәзхабта балық өз өлімімен өлсін, мейлі сыртқы себептің салдарынан өлген болсын, еті адал деген.

Қорыта айтқанда, консервідегі балықтың үкімі – Ханафи мәзхабы бойынша күмәнді, ал өзге мәзхаб ғалымдары бойынша адал деуге болады. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Мәрғинәни: «Һидая»; Ибн Нүжейм: «әл-Бахр»; Имам Мұхаммед: «әл-Асл» т.б.

Абдусамат Қасым