«Квас» сусынын ішу мұсылманға арам ба?
«Квас» сусынын ішу мұсылманға арам ба?
11 ай бұрын 6545

Ассаләмуғалейкум! Квас ішуге бола ма? Асқар.

 

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Квас» сусыны - астық өнімдерден жасалатын сусынның бір түрі. Квас - ашытқы мен сүт қышқылынан (молочная кислота) тұратын «қос ашыту» (двойное брожение) жолы арқылы жасалады. Ашыту жолымен жасалатындықтан құрамында белгілі мөлшерде этонол спирті пайда болатындығы анық. Жасалу жолына қарай спирттің мөлшері әртүрлі болып келеді. ГОСТ стандарты бойынша құрамындағы спирттің мөлшері 1,2 %-і аспаған квастар - «алкогольсіз сусын» ретінде саналады. Әдетте заводтан өндірілген квастардағы спирттің мөлшері 1,2 %-тен аспайды, 0,5-0,7 пайыз болып келеді. Квастың мүлдем спиртсіз түрлері де кездеседі.

Қанша квас ішсе адам мас болады?

Деректерге қарағанда, құрамындағы спирттің мөлшері 0.5 % пайызды аспаған квас сусынының бір мезгілде 6 литрін ішкен адам, мастықтың жеңіл түрін сезеді екен, ал құрамындағы спирттің мөлшері 1,2 % процент болған квастың 3 литрін ішкен жағдайда мастықтың жеңіл түрін сезеді1. Бұл, қарапайым тілмен айтқанда, көңіл-күйі аздап жақсарып, әңгімелесуге құмарлық туып, буын-буын босауды білдірсе керек. Бірақ, көп ішкенде (6 литр) пайда болатын мастықтың жеңіл-желпі түрі шариғат бойынша квасты харам деуге жеткілікті ме?

Шариғи тұрғыда

Шариғи тұрғыдан алғанда, Хадисте: «көп ішкенде мас ететін ішімдіктің азы да харам» делінген. Алайда, шариғаттағы «мас болу» жағдайының өзіндік өлшемі бар. Шариғи тұрғыдан қарағанда, аздап бас айналып, буын-буынның босауы - мас болушылық болып есептелмейді. (Алайда бұл, арақты аз мөлшерде іше беруге болады деген сөз емес, өйткені арақты көп мөлшерде ішсеңіз шынайы түрде мас боласыз, ендеше оның азын да ішуге болмайды). 

Шариғатта «мас» сөзінің ұғымы қалай? Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин (р.а.) мастық ұғымына былай анықтама берген: «Мастық - кісінің ақылын жоғалтып, аспан мен жерді айыра алмай қалу жағдайы» деген. Бұл анықтамаға қарағанда, ішіп алып, тәлтіректеп, жерге домалап жатқан адам - мас адам.

Басқа бір ғалым: «Ақылы жеңіліп, сандырақтау» деп анықтама берген. Бұл анықтамаға қарағанда, мастық - ішкеннен кейін айналадағы болып жатқан жағдайларды бір ұғып, бір ұқпай, тілі күрмеліп, түсініксіз бір нәрселерді оттап кетуді білдіреді екен2.

Ал, енді, бір мезгілде үш литр не алты литр квасты ішкен адам анықтамаларда айтылғандай шынайы түрде мас болады дегенге күмән бар. Мамандардың сөзіне қарағанда квасты көп ішкен адам мастықтың жеңіл түріне тап болады екен, онда да 6 литр ішсе. Қымызда да солай. Көп мөлшерде қымыз ішкен адам, арақ ішкен адам ұқсап, тілі күрмеліп, сандырақтап, аспан мен жерді және әйел мен еркекті айыра алмайтындай дәрежеде тәлтіріктеп домалап жатпасы анық. Сондықтан да, «көп ішкенде мас ететіннің азы да харам» деген қағиданың қымызға және спирті аз квасқа қатысы жоқ деуге болады.

Мысалы, арақты немесе сыраны көп ішкен кісі шынайы мағынада мас болатындығы даусыз. Демек, көп ішкенде мас қылатын арақ пен сыраны аз мөлшерде болса да ішу харам. Ал, аз мөлшердегі спиртті қамтитын квас, қымыз, ашыған айран секілді сусындарды ішу бұл қағидаға жатпайды.

Қорыта айтқанда, квас сусынын ішуге болады. Квас сусыны "алкогольсіз сусын" ретінде саналады. Ал оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болғандықтан Ханафи мәзхабының ереже-қағидаты бойынша, харам үкімін тудырмайды. Өйткені, аз мөлшердегі спирт ашыған айранда да, қымызда да, тіпті бұзылған нанда да бар.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1sudexpert gov by/
2Ибн Ғабидин: «Хашияту Ибн Ғабидин», китабут талақ - бәбус сукрон.

Абдусамат Қасым