Неге адамдар әр түсті болып жаратылған?
Неге адамдар әр түсті болып жаратылған?
2 жыл бұрын 4617

Неге адамдар әр түсті болып жаратылған?

Адамдардың түстері – ақ, қараторы және сары болып бөлінеді. Адам терісінде «хромоген» дейтін компонент бар. Хромогендердің өздері түссіз болады. Оған белгілі бір ферменттердің әсер етуінен, соған сай түс пайда болады. Егер теріде хромогендер болмаса немесе оған ферменттер дұрыс әсер етпесе, альбинос адам пайда болады. Альбиностар Африкада да кездеседі.

Қара нәсілділердің «қара түсті» болуларының себебі - терілеріндегі «меланин» деп аталатын майда түйіршіктердің орын алуы. «Меланин» түйіршіктері негізінен қоңыр түсті болып келеді, бірақ мөлшерінің көптігі себепті көрер көзге «қара» боп көрінеді екен. Теріде «меланин» түйіршіктерінің пайда болуына әкеп соғатын бірден бір себеп – күн сәулесі. Күнге күйген кісінің қоңыр түске боялуының мәні сол.

Сондай-ақ, адамның түсінің әртүрлі болуына бойындағы қанның да әсері бар. Мысалы, еріннің қызыл түске боялуы – қан тамырларының тығыз әрі терінің жұқа қатпарына жақын орналасуынан туындайды.

Африкалықтардың қара түсті болуының басты себебі, терілеріндегі «меланин» пигментінің көптігі деседі. Өйткені, терідегі «меланин» түйіршіктерінің негізгі қызметі – адам терісін күннің ультракүлгін сәулесінен қорғау болып саналады. Онсыз тері ерте қартаяр еді әрі күн сәулесінің шамадан тыс түсуінің кесірінен тері рагына шалдығу қауіпі артар еді. Африкалықтардың қара түсті болуының мәні сонда жатыр. Бұл да болса, Құдай Тағаланың шеберлігінің және адамға деген мейірімінің бір көрінісі.

Ал салқын жақтағылардың ақ түсті болып келуінің себебі - олардың терілерінде «меланин» пигменті аз. Өйткені, адамның бойына күн сәулесінен алынатын D витамины қажет. Күн сәулесі аз түсетін аймақтардағы кісілердің көбіне ақ түсті болуының да бір мәні сонда.

Енді мұның бәрі мәселенің бергі жағы. Ал адамдардың әртүрлі түсті болып келуінің негізгі себебін Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадис шәрифінде қарапайым тілмен былай деп түсіндіріп өткен:

«Алла Тағала Адамды жаратар кезде жер-жерден бір-бір уыс топырақтан алып қосты. Сол себепті, Адамның ұрпақтары топырағының мөлшеріне қарай – кейбірі ақ түсті, кейбірі қызыл түсті, кейбірі қара түсті және кейбірі оның ортасында (қоңыр түсті) болып (дүниеге) келді. Сондай-ақ, топырағының мөлшеріне қарай адамдардың табиғаты – жаман, жақсы, жұмсақ, қатты және орташа болып жаратылды»[1].


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән»; Тирмизи: «Сүнән»; Имам Ахмед: «Сүнән». т.б.

Абдусамат Қасым