Шариғатта біреудің техникасын рұқсатсыз басқаға жалға беруге бола ма?
Шариғатта біреудің техникасын рұқсатсыз басқаға жалға беруге бола ма?
2 жыл бұрын 2382

Ассалаумағалейкум! Бір кісінің техникасын (оған ескертпей), басқа кісіге жалға беруге бола ма? Талғат.

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уә сәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егер ол техника сізге ақысыз, жай ғана қолдануға берілген болса, оны иесінің рұқсатынсыз өзгеге жалға бере алмайсыз. Біреудің затын пайдалануға алуды немесе біреуге бір затты пайдалануға беруді шариғатта «иъара келісімі» дейді (الاعارة), ал пайдалануға берілген не алынған затты «Ъария» (العارية) деп атайды. Шариғат заңында «ъария», яғни, жай қолдануға алынған зат өзгеге жалға берілмейді[1]. Сондай-ақ, оны кепілдікке де қалдыра алмайды[2].

Ал, ол техниканы белгілі ақыға жалға алған болсаңыз, Ханафи мәзхабы бойынша, оны иесіне ескертпей өзге адамға жалға бере аласыз, бастысы техника - қолданылуы адамдарға қарай өзгеретін сипаттағы зат болмауы тиіс. Бүгінде мұны «субаренда» дейді. Дегенмен, мұндай жағдайда да кейін түсініспеушіліктер орын алмас үшін, мүлік иесіне бір ауыз ескертіп қойғаныңыздың пайдасы бар. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Мәжәлләтуль Ахкәм әл-Ъадлия: 823 баб.
[2] У. Зуһайли: «әл-Фиқһуль Ислами уә Әдилләтуһу». 5\58 бет.

Абдусамат Қасым