Қайтыс болған әйелдің денесін жуындыратын әйел табылмаса, не істейді?
Қайтыс болған әйелдің денесін жуындыратын әйел табылмаса, не істейді?
2 ай бұрын 2313

Бисмилләһир рахманир рахим

Әйелді әйел заты жуындыруы тиіс. Алайда, әйел кісі қайтыс болып, бір жағдайлар себепті оның денесін ақыға да жуатын әйел заты табылмаса, өңшең еркектер қауымы болса, оның денесі жуылмайды. Тіпті, жақын бауырлары да денесін жуа алмайды. Оның орнына таяммум соқтырады. Ол үшін таяммум соқтыратын адам жер жынысына жататын затқа екі қолын тигізіп, әйел мархұмның бетін сипайды. Сосын тағы қолын таяммум соғатын затқа тигізіп, әйелдің оң қолынан бастап, екі қолын шынтаққа дейін түгел сипайды. Таяммум соқтырушы ер адамдар әйелдің жақын туыс, бауырлары болса, яғни, «махрам» болса, қолдарына мата орамайды. Ал таяммум соқтырушы ер адамдар махрам емес болса, қолдарына мата орап алады (немесе қолғап кисе болады), қолдарындағы матаны жер жынысына жататын затқа тигізіп, алдымен әйелдің бетін, сосын тағы жер жынысына жататын затқа тигізіп, әйелдің екі қолын шынтақтарымен қосып сүртіп шығады. Таяммум соқтырушы күйеуі болса да қолына мата орап таяммум соқтырады, өйткені әйелдің қайтыс болуымен арадағы неке бұзылатындықтан, күйеуі бөтен еркек үкімінде есептеледі, сондықтан қайтыс болған әйеліне таяммум соқтыратын кезде ол да қолына мата орап алып соқтырады1.

 


1Имам Мұхаммед (р.а.): «әл-Асл» - Китабуль истихсан».