Қонаққа барғанда қойған асының адал-арамын сұрау шарт па?
Қонаққа барғанда қойған асының адал-арамын сұрау шарт па?
3 жыл бұрын 9207

Ассаләмуғалейкум! Біреудің үйіне барғанда қойған асының адал-арамын сұрау шарт па? Мысалы, намаз оқымайды, бірақ мұсылман туыстардың үйіне барғанда ет асады, сол кезде күмәнмен жеймін. Кейде таныс достардың үйіне барғанда ет адал ма деп сұраймын. Бірақ сұрауға қысыласың бәрібір. Сұрамайын десең бисмилләмен сойылған малдың еті ме, жоқ па, деген күмән да тұрады көкейде. Не істемек керек? Рахмет. Али

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, туған-туыстардың немесе жора-жолдастардың, яки, көрші-қолаңдардың үйіне барғанда алдыңызға ет қойып жатса, күмәнданбастан «бисмиллә» деп жей бересіз. Бастысы жеп отырған етіңіз – етін жеуге болатын адал мал түрінің еті болуы шарт. Ал, ол «бисмиллә» айтылып сойылған малдың еті ме, жоқ па, ол жағын сұрастыруға міндеттелмегенбіз. Оның үстіне әр қонаққа барғанда үй егесінен еттің адал, не, арамын сұрап жату да артықтау болады. Бастысы - мұсылман. Пайғамбарымыз айтқандай, мұсылман үшін «мұсылман» есімі жеткілікті. Оның үстіне, жалпылама қазақ халқы – төрт түлік малдың етін жейтін мұсылман халық. Оның мұсылман екендігіне қарап асының да адал екендігіне үкім беріледі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір риуаятты келтірелік:

Имам Мұхаммед, ұстазы Әбу Ханифадан табиғин дін ғалымы Ибраһим ән-Нәхәъидің былай дегенін жеткізеді:

«Бір мұсылман адамның үйіне кірсең оның тағамын же. Сусынын іш. Еш нәрсе сұрама (яғни, асының адал-арамын сұрама)». Осы риуаятты келтіргеннен кейін Имам Мұхаммед сөзін жалғап: «Біз еш нәрседен күмәнданба дегенді аламыз, әрі бұл Әбу Ханифаның (рахимаһулла) сөзі» - деп қорытындылайды[1].

Осыған мазмұндас тағы бір риуаятты келтіргеннен кейін де Имам Мұхаммед (р.а.):

«Осыны ұстанамыз. Оның еш ағаттығы жоқ, әрине, егер ол астың нақты жаман екенін (арам екенін) білмейтін болса (нақты біліп тұрса жемейді). Бұл - Әбу Ханифаның сөзі» - дейді.

Сондай-ақ, деректерге қарағанда сахаба Абдулла ибн Мәсғудқа (радияллаһу анһ) бір адам келіп:

"Менің өсім жейтін көршім бар. Ол қоймай, мені қонаққа шақыра береді (не істесем болады?) – деп сұрайды, өсімнен түскен ақшаға алынған азық-түліктің арам-адалдығына күмәнданып Сонда сахаба Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) оған: "Оны құттықтау – сенің міндетің (яғни, шақыруына жауап беру сенің міндетің). Ал, күнәсі өзіне, - деп жауап береді. Осы риуаятты жеткізген Суфян әс-Саури: «Егер, дәл сол харам ақшаға алынған асты танып тұрсаң, оған тиме» - деп қосымша өз пікірін де білдіріп өтеді[2].

Қорыта айтқанда, құдай тамақтарда немесе туған-туыстардың үйіне барғанда, яки, әдеттегідей көрші-қолаң, дос-жарандар қонаққа шақырып, алдыңызға ас қойылғанда, ондағы еттің - бисмиллә айтылып сойылған малдың еті ме, жоқ па, екендігін сұрап жатудың қажеті жоқ. Күмәнданбай, бисмиллә айтып жей бергеніңіз жөн. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәни: «әл-Әсәр». (879).
[2] Абдурраззақ ас-Санаъани: «әл-Мусаннаф» атты хадис жинағында келтірген. Шейх Мұхаммед Тақи Усмани: «Фиқһуль Буюъ». 2/1004 бет.

Абдусамат Қасым