"Түнде тырнақ алуға болмайды" дейді, сол рас па? Неге олай делінген?
"Түнде тырнақ алуға болмайды" дейді, сол рас па? Неге олай делінген?
2 жыл бұрын 26561

Сәлеметсіз бе! Рахмет, үлкен! Тағы бір сұрақ қойсам бола ма? Тырнақты түнде алуға болмайды дейді, неге? Дана.

Сәлеметсіз бе!

Ислам діні – тазалық діні. Төл дініміз рухани тазалықпен қатар дененің тазалығына да қатты маңыз аудартады. «Тазалық – иманның жарымы» деп үйреткен Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше хадис шәрифтерінде аяқ пен қолдың тырнақтарын да алып жүруді бұйырған. Ол (с.а.у.) өзінің сахих бір хадисінде: «Бес нәрсе фытраттан (адамның таза жаратылысынан): сүндетке отыру, әурет жердің түгін қыру, тырнақтарын алу, қолтық түгін жұлу және мұртын қысқарту» - деп бұйырған[1]. Тырнақты бейсенбі мен жұма күндері алған абзалырақ делінеді. Бірақ түнде тырнақ алмасын деген тыйым шариғатта жоқ. Шариғатта түнде де тырнақ ала беруге болады.

Түнде тырнақ алмау ырымы қайдан шыққан?

«Тырнақты түнде алмасын» деген ырым араб пен түрік ұлттарында да кездеседі. Ондай ырымды ескілікті електр жарығы жоқ заманмен байланыстыруға болады. Електр жарығы жоқ жерлерде қараңғы түнде алынған тырнақтың қайда ұшып, қайда түсетінін байқау мүмкін болмайтындықтан, бұрынғы кісілер өзінің балаларына «түнде тырнақ алуға болмайды» деген тыйым айтса керек. Уақыт өте келе, ол тыйым ырымға баланып кеткен тәрізді. Бұл кеңесті жарық жоқ, қараңғы жерлерде назарда ұстаса болады. Ал електр жарығы бар жерлерде түнде де болса, тырнақ алудың әбестігі жоқ.

Тырнақ алуға болмайтын жерлер

Тырнақты асханада, беті ашық ыдыстар тұрған жерлерде, дастархан басында және адамдардың қасында алмаған жөн.

Тырнақ алу барысында жан-жаққа ұшпауын қадағалаған дұрыс және көрінген жерге шашып кете бермей, алынған тырнақты қоқысқа тастаған дұрыс немесе жерге көміп тастаған абзал.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым