Түсімде тістерімнің бәрі түсіп қалыпты. Ол ненің белгісі?
Түсімде тістерімнің бәрі түсіп қалыпты. Ол ненің белгісі?
2 жыл бұрын 5276

Ассәләмуғалейкум! Амансыз ба? Түсімде тістерімнің бәрі түсіп жатыр екен, не нәрсеге ишара? Нұри.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Орта ғасырда өмір кешкен Ханафи ғұламасы, сопы Абдулғани ән-Нәблүси әл-Ханафи рахимаһуллаһ (мил. 1641-1731 ж.) түстердің жорамалына байланысты жазған еңбегінде, "түсінде тістерінің түскенін" көруді былай деп жорамалдаған екен, оның жорыған жоруы сіздің түсіңізге де жауап болады деп ойлаймын:

«Адамның түсінде тістерінің түсуі – замандарстарының бәрінен ұзақ жасайтындығына ишара.

Егер түсінде тістері түгел түсіп қалып, оларды жеңіне немесе киімінің етегіне жинай бастағанын көрсе, бұл оның картайып тістері түскенге дейін ұзақ ғұмыр кешетіндігіне және ұрпағының саны көп болатындығына ишара.

Егер түсінде тістерінің бәрі түсіп қалып, көзінен ғайып болса, бұл оның (ұзақ жасап), отбасы мүшелерінің бәрі бақилық болғаннан кейін барып, дүние салатындығына ишара...

Кімде-кім жоғарғы тістері қолына түскенін көрсе, бұл оған мал бітетіндігін білдіреді. Егер етегіне түссе, ұл перзенті болатындығын білдіреді, ал жерге түссе өлім қайғысына ишара.

Кімде-кім астыңғы тістері түсіп қалғанын көрсе, онысы - қатты уайым-қайғыға, ауруға ишара.

Кімнің мойнында өтей алмай жүрген қарызы болып, ол түсінде тістерінің түскенін көрсе, бұл оның қарызынан құтылатындығын білдіреді»1

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Алла Тағала баршамызға тек жақсылығын берсін, жамандығынан сақтасын!


 1 Ибн Сирин, Абдульғани ән-Нәблуси: «Мұъжәму тәфсириль Әхләм» («Түстердің тәпсірі сөздігі»). Араб тілінде. 535 бет.

Абдусамат Қасым