Неке және талақ төңірегінде сұрақ
Неке және талақ төңірегінде сұрақ
2 жыл бұрын 2108

Әссәләмуғалейкум! Сұрағым бар еді. Бір ажырасқан келіншек бар. Ажырасса да байымен тұрып жатты. Байы неке қимаймын деген екен. Сөйтіп әйелі кетіп қалды. Әйелі басқа біреуге үйлену үшін ғидда мерзімін күтуі тиіс пе? Ішінде бала жоқ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен айта кетелік: Шариғатта ерлі-зайыптылар некелерін бұзып, ажырасқан жағдайда, әйелі «иддет» мезгілін күйеуінің үйінде күтуі тиіс1. Осы уақыт ішінде (үш хайыз уақыт ішінде), күйеуі әйелінің нәпақасын қамтамасыз етеді. Әйелі иддет мезгілін күту кезінде үйден шықпауы керек. Жолы осы.

Сауалда айтылған жағдайға келер болсақ:ерлі-зайыптылар ажырасып, некелерін бұзған екен. Содан бері үш хайыз уақыты өтіп кеткен болса, әйелдің иддет мезгілі де өтті деген сөз. Сол себепті, әйелінің өзгеге тұрмысқа шығуына құқылы, ол үшін тағы иддет күтпейді. Ал ажырасып, неке бұзылса да күйеуімен төсек қатынасына түсіп қойған кездері болса, ол жағдай иддетті керек етпейді. Себебі, арада неке жоқ. Ал некесіз қатынасқа түскен әйел кісі үшін иддет күту шарт емес. Бұл айтқанымыз – «байын талақпен» талақ болған әйелдерге қатысты.

Ал «рижғи талақпен»1 талақ болғандардың некелері үш хайыз уақыты біткенге дейін, яғни, «иддет» біткенге дейін сақталады. Талақтың бұл түрінде үш хайыз уақыты ішінде қайта татуласуларына болады, неке жаңартпайды. Сол себепті, мысалы, рижғи талақпен талақ болып, алайда үш хайыз уақыты өтпей күйеуімен қатынасқа түскен болса, неке қайтып өз күшіне еніп, ерлі-зайыптылық байланыстары жалғасады деген сөз. Бұлай болған жағдайда, әйелі кетіп қалса да арада неке бар болып, өзгеге тұрмысқа шыға алмайды. Мұны да мәлімет ретінде біле жүрген дұрыс.


1. Құран Кәрім «Талақ» сүресі, 1 аят. 
2. «Рижғи талақ» дегеніміз – бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» т.б. деп айтылған талақ түрі болып табылады (үшіншісінде «байн талақ» болады). "Рижғи талақ" арадағы некені бұзбайды. Иддет мезгілі біткенге дейін райынан қайтып, некесін сақтап қала алады. Алайда иддет мезгілі біткенге дейін райынан қайтпаса, кіші байын талақ үкімін алып, неке бұзылады.

Абдусамат Қасым