Мойнында кредиті бар мұсылман «Умра» қажылығына бара ала ма?
Мойнында кредиті бар мұсылман «Умра» қажылығына бара ала ма?
2 жыл бұрын 4616

Қайырлы күн! УМРАға барарда басымызда несие және ипотека болмауы қажет пе?

Алла күндерімізді қайырлы етсін!

Құрметті сауал жолдаушы, алдымен айта кететін нәрсе: дәстүрлі банкттерден несиеге қарыз алу шариғатымызда құпталмайтын іс болғандықтан, мұсылман кісі аса зәру жағдайларда болмаса, жайшылықта несиеге жоламағаны дұрыс. Өйткені, банктерде берілетін несие қарызы дінімізде «өсім» болып саналады. Дінімізде өсім жеуші де, өсім жегізуші де ауыр күнә арқалайды1.

Ал енді, мойнында несиесі бар болғаны себепті Умра қажылығына бара алмай ма?

Умраға бару үшін басында несиесі болмауы керек деген шарт жоқ, барып Умрасын орындап қайтса, Умрасы есептеледі (бастысы Умраға несиеге алған ақшамен емес, таза табыспен барғаны жөн). Бірақ, мойнында қарызы бар адам әуелі қарызын өтеп алуы керек деген бар. Өйткені қарызды өтеу - уәжіп, ал Умра қажылығына бару - сүннет. Дейтұрғанмен, қарызгер мәулет беріп, Умра қажылығын орындап келуіне рұқсат берсе, ол басқа, онда да мойнындағы қарызын уақытында өтей алатындығына сенімді болуы керек. 

Ендігі жерде несиесі барларды да борышкер десек, олардың Умраға баруы қалай болмақ? - деген сауал туады.

Ғалымдарымыз «Ұзақ мерзімді (мысалы, 10-15 жыл) қарызы бар мұсылманның, егер Умра сапарына баруы қарызын келісілген уақытында төлеп тұруына кедергісін жасамаса, Умраға баруына болады» дейді. Ендеше, ұзақ мерзімді нисиесі бар мұсылманның Умра қажылығына немесе Үлкен қажылыққа баруына болады, қажылығы саналады. Ал қысқа мерзімді несиесі барлар, әуелі несиесін тезірек жауып құтылып, Умра қажылығына кейіннен барғандары абзал.

Қысқасын айтқанда, несие алу күнә, алайда ол Умра құлшылығын өтеп қайтуына кедергі емес. Умрасы саналады. Тек мүмкін болса, қысқа мерзімді несиесі барлар әуелі несиесін жауып құтылып, Умраға одан кейін барғаны абзалырақ. Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


 1 Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Алла Тағала өсімді жеушіні де, өсім жегізушіні де лағынеттеді». («Сахих Мүслім»).

Абдусамат Қасым