Әйелдер «рүкүғ» жасағанда аздап иіледі дегенге дәлел бар ма?
Әйелдер «рүкүғ» жасағанда аздап иіледі дегенге дәлел бар ма?
2 жыл бұрын 4661 Фото: zharar.com

Әйелдер намаздағы «рүкүғ» амалын қалай орындайды? Оған дәлел бар ма? Рахмет.

Әйел кісілер рүкүғ жасағанда аздап иіледі және саусақтарының арасын ашпастан тізесіне қолын қояды (суреттегідей). Тізесін аздап бүгеді. Қолдарын тізеге таямайды[1].

Ендігі жерде әйел кісілер рүкүғ жасағанда қатты иілмейді, аз иіледі дегенге дәлел келтірер болсақ, Имам Бәйһақидың «әс-Сүнәнуль Күбро» атты хадистер жинағында «Рүкуғ пен сәжде жасағанда әйелдің жинақы тұруының мұстахаб болуы бабы» атты тарау орын алған. Сол тарауда Имам Бәйһақи (рахимаһуллаһ), тәбиғин ғұлама Ибрәһим ән-Нәһәъидың (радияллаһу анһ) мына сөзін келтіреді:

قال إبراهيم النخعي : كانت المرأة تؤمر إذا سجدت أن تلزق بطنها بفخذيها ؛ كيلا ترتفع عجيزتها ، ولا تجافي كما يجافي الرجل .

«Әйел кісі сәжде жасағанда бөксесін көтермес үшін, ішін санына жабыстыруы бұйырылған болатын. Және де әйел кісі ер кісілер сияқты (екі шынтағының арасын) ашпайды»[2].

Тәбиғин, әрі фәқиһ Ибраһим ән-Нәһәъидің «...Сәжде жасағанда бөксесін көтермес үшін...» деген сөзі - әйел кісілердің рүкүғ жасағанда да бөкселерін көтермеулері тиіс екендігіне дәлел. Ал рүкүғда бөксесі көтерілмес үшін не істеу керек? Қатты иілмеу керек, сонда оның бөксесі көтерілмейді.  

Негізінде әйел кісілердің намазы жинақылыққа негізделгендігін ғұламалардың көпшілігі мақұлдайды. Әйел кісілердің рүкүғда, сәждеде және әттәхият отырысында, өзінің табиғатына сай өзін жинақы ұстағандығы құп көрілген. Ханбәли ғұламасы Ибн Құдама өзінің «әл-Мұғни» атты еңбегінде былай дейді:

«Әйел кісілер де намазды ерлер сияқты оқиды, бірақ рүкуғ пен сәждеде өздерін жинақы ұстаулары тиіс...»[3].

«Әйелдердің (қол араларын) намазда ашық ұстауы сүннет емес. Өйткені, әйел кісінің тұла бойы ұят. Сондықтан, әйелдер лаж болса жабық болу үшін өздерін жинақы ұстаулары керек»[4].

Имам Шәфиғи (рахимаһуллаһ) әйелдің намаз қимылдарына қатысты былай деп өтеді:

«Әйелдер мен ер адамдардың намаз қимылдары арасында парқ жоқ. Тек әйел адамның дене мүшелерін бір-біріне жабыстырып ұстағаны «мұстәхаб». Және сәждеде жинақы болу үшін, ішін санына жабыстырады. Сондай-ақ, рүкүғта да солай жинақы тұрғандығы ең жақсысы. Жалпы барлық намаз қимылдарында жинақы тұрғаны абзал»[5].  

Әлхәмдулилләһи Раббиль Аләмин!


[1] Ибн Ғабидин: Раддул мухтар – 3/345 бет. Дамаск-Сирия, 2000ж.
[2] Имам Бәйһәқи: «әс-Сүнәнуль Кубро». 3103 баб.
[3] Ибн Құдама: «әл-Мұғни». 1/600 бет.
[4] Ибн Құдама: «әл-Мұғни». 1/599 бет.
[5] Имам Шәфиғи: «әл-Умм».

Абдусамат Қасым