Депозитте ақша сақтап, түскен процентін садақаға беріп тұрсам бола ма?
Депозитте ақша сақтап, түскен процентін садақаға беріп тұрсам бола ма?
2 жыл бұрын 8057

Сәлеметсіз бе! Мен студентпін. Стипендиямды артық құртып қоймау үшін бір бөлігін бір жерде сақтау керек боп тұр. Осы тұста каспи депозитте ақша сақтап, үстіндегі процентті садақаға беріп тұрсам бола ма?

Сәлеметсіз бе!

Алдымен айта кетелік, Ислам шариғатының көзқарасы бойынша, депозитке салынған ақшалар «қарыз» үкімінде. Яғни, депозитке ақша салған салымшы банкке «процентке қарыз ақша» берген болады. Бұл жайында Ислам Фиқһ кеңесінде қабылданған қарарлардың бірінде былай делінеді:

«Қазіргі өсіммен жұмыс істейтін банктердегідей, үстеме ақша берілетін депозиттер, ол – шариғатта тыйым салынатын өсімге берілген қарыз болып есептеледі...»[1].

Қазіргі таңдағы Ханафи ғұламаларының бірі Шейх Мұхаммед Тақи Усмани (хафизаһуллаһ) депозит ашып, ондағы банк тарапынан беріліп отыратын үстеме ақшаның "өсім" екендігі жайында былай дейді:

«Депозитке салынған ақшалар «қарыз» үкімінде екендігі талассыз. Банктің негізгі сомаға беріп отыратын үстеме пайдасы болса «ашық өсім» болып саналады, оны рұқсат деуге еш жол жоқ...»[2].

Қазіргі дін ғалымдарынан Шейх Юсуф әл-Қардауи де (хафизаһуллаһ):

«Банктің беретін үстеме пайдалары – харам өсім» -

- дей келе, банктің беретін үстеме сыйақыны халал деуші бірен-саран дін мамандарына жауап ретінде арнайы кітап жазған болатын[3].

Тоқ етерін айтқанда, қазіргі заманғы Ислам ғұламаларының басым көпшілігі өсімге негізделген дәстүрлі банктерде депозит ашып, онда ақша сақтауға үзілді кесілді қарсы. Әрідесе, олардың тоқтамы бойынша депозиттегі ақшаға банк тарапынан беріліп отыратын үстеме ақша өсім болып есептелетіндіктен, харам табыс есебінде.

Неге десеңіз, сіздің депозиттегі ақшаңыз - банкке берген қарыз іспетті болғандықтан, сіз банкке «үстеме пайызбен қарызға ақша» берген болып отырсыз, бұл өсім жегендік болып саналады. Исламда берген қарызының үстінен өсім жеу – харам.  

Енді депозит ашып, одан түскен үстеме ақшаны садақаға беріп отыруға бола ма?

Бұл сұраққа қазіргі таңдағы кейбір дін мамандары «оңды» көзқарас білдіргенімен, Ислам ғалымдарының көпшілігі «болмайды» деген жауап қатқан. Себебі, сауапты іске біле тұра харам келісім жасасу дінге қайшы нәрсе. Сондықтан да, ондай игі ниетпен болса да депозит ашып, онда ақшаңызды сақтау Исламда құпталмайтын іс.

Ағымдағы шот (текущий счет)

Бірақ ағымдағы шот (текущий счет) ашып, ақшаңызды сонда сақтасаңыз болады. Өйткені ағымдағы шотта сақталған ақшаңызға үстеме пайыз берілмейтіндіктен, Ислами банктер жоқ елдерде, ағымдағы шот қызметін пайдалануға болады. Осы тұрғыда, шетел валюталарына ауыстырып сақтауға да құқылысыз, алтын түрінде сақтауға да болады.


[1] Ислам Фиқһ Кеңесі, 1995 жыл (Хижри 1415 жыл), 1-6 сәуір. БАЭ.
[2] Мұхаммед Тақи Усмани: «әл-Муъамәләт». 344 бет.
[3] Шейх Юсуф әл-Қардауи: «Фәуәидуль Бунук һияр рибәль Харам». Каир, 1994 жыл.

Абдусамат Қасым