Ақшаның зекетін 1 жыл күтпей, нисабқа жеткен күні бере берсе бола ма?
Ақшаның зекетін 1 жыл күтпей, нисабқа жеткен күні бере берсе бола ма?
8 ай бұрын 1495

Зекетті 1 жылға толмай ақша жиналса зекетін беру керек пе?  Ғани.

Ақшаның зекетін беру парыз болуы үшін, жиналған артық ақша:

  • Нисаб мөлшеріне жету керек,
  • Және нисабқа жеткен күннен бастап есептегенде бір жыл өтуі керек,
  • Әрі жыл соңында зекет ақшасының мөлшері нисабтан кемімеуі керек.

Мысалы, қажеттілігінен артып жиналған ақшасы қамари күнтізбесі бойынша Рамазан айының бірінде «нисаб мөлшеріне» жетсе, келесі жылғы Рамазан айының бірінде, егер нисаб мөлшерінен кемімесе, сол ақшадан зекет беру парыз болады. Оған дейін нисапқа жетсе де зекетін беру парыз емес. Және де сол бір жыл ішінде қосымша ақша жиналса, оларды да қосып есептейді. 

Енді нисабқа жеткен ақшаның зекетін бір жыл толмай бере берсе бола ма?

«Нисаб» мөлшеріне жеткен ақшаның зекетін, бір жыл күтпей ертерек бере берсе болады. Бірақ сол жыл соңында егер қосымша кіріс болса, ол кірістің де зекетін бөлек есептеп беру керек. Неге десеңіз, зекетін бір жылдан кейін берген кісі сол бір жыл ішінде қосылған артық ақшаларды да зекетке есептеп берер еді. Ал зекетін ерте бергендіктен жыл соңында қосымша кірістің зекетін бермей қалады деген сөз. Сол себепті, зекетін жылға толтырмай ерте берген кісі, бір жылдан кейін егер қосымша кірістер пайда болса, олардың да 2,5 пайызын зекет ретінде беруі керек болады.

«Нисаб мөлшері» деп, зекетін беру парыз болу үшін қажетті байлық мөлшерін айтамыз, нисаб мөлшерге жетпеген дүниеден зекет берілмейді. Алтынның нисаб мөлшері - 85 грамм. Күмістің нисаб мөлшері – 595 грамм. Ақша немесе сауда тауарларының нисаб мөлшерін анықтайтын кезде, алтын немесе күмістің нисабы негізге алынады.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым