Бір үйдің егіз ұлдары, бір үйдің егіз қыздарымен үйлене ала ма?
Бір үйдің егіз ұлдары, бір үйдің егіз қыздарымен үйлене ала ма?
5 жыл бұрын 3895

Ассаламуғалейкум! Сұрағым: бір үйдің егіз ұлы, басқа бір үйдің егіз қызына үйленсе, кайсысы бірінші үйленсе соның некесі ғана жарамды бола ма? Осы мәселе қалай болады? Аслан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сәби күндерінде араларында сүт бауырлық туындамаған болса, бір үйдің егіз ұлдары, басқа бір үйдің егіз қыздарын ала алады. Ол күнә емес. Өйткені, егіздің бірі екіншісінің балдызын алған болып отыр, оған тыйым жоқ.

Ал сіздің айтып отырған нәрсе ол – екі апалы-сіңліні бір некеде ұстау мәселесіне қатысты. Шариғатта, бір еркек апалы-сіңлілі екі қызды бір мезгілде әйелдікке ала алмайды. Бірімен ажырасқан болса ғана оның сіңлісін (не әпкесін) алуына рұқсат. Немесе әйелі қайтыс болып кетсе, сонда барып әйелінің туысын некесіне алуына болады. Оған дейін рұқсат жоқ. Екеуін екі бөлек некемен алған жағдайда, алғаш қайсысының некесі қиылған болса, соның некесі сақталып, екінші кезекте некелескеннің некесі бұзылады. Сіздің айтып отырғаныңыз сол. Бұған байланысты Ханафи ғалымдарының пәтуасы мынадай:

«Егер, ол апалы-сіңлілі екі қызбен бір мезгілде некелессе (екеуін бір мезгілде өзіне некелесе), некелері «фасид» болады (бұзылады)... Жігіт пен ол екеуін (апалы-сіңліні) ажырастыру керек. Егер, бұл (ажырату) арада қатынас жүзеге аспай тұрып туындаса, ол екеуіне (апалы-сіңліге) мәһір берілмейді және ол екеуі иддәт мезгілін күтпейді. Өйткені, фасид некенің нәтижесінде қатынас жүзеге аспастан бұрын, үкім туындамайды. Ал, қатынас жүзеге асып қойған болса, онда әрбіріне мәһір мисл беріледі және екеуі де иддәт мезгілін күтеді...

Егер, апалы-сіңлілі қыздардың бірінің некесін, екіншісінен кейін қиған болса, алғаш қиылғанның некесі саналып, екінші кезекте некелескеннің некесі саналмайды. Екіншісімен арасы ажыратылады. Мұндайда, еркек онымен қатынасқа түсіп қоймаған болса, оған мәһір берілмейді және ол иддәт мезгілін күтпейді. Егер, (сол арада некеден кейін ажыратқанша) жақындасып қойса, онда оған мәһір беріледі және ол иддәт мезгілін күтуі керек. Бұлай болған жағдайда, екіншісінің иддәт мезгілі бітпей, біріншісімен қатынасқа түсуіне болмайды...

Егер екеуімен екі бөлек неке рәсімін жасасып, бірақ қайсысы бірінші екенін білмесе (қайсысымен бірінші некелескенін білмесе), оған топшылауына рұқсат жоқ. Оны мен апалы-сіңлілер арасын ажырастырады...»[1].


[1] Имам Кәсәни: Бәдәиъус Санаиъу. 3/438 бет.

Абдусамат Қасым