Әйеліме бір рет «талақ» айттым. Соның үкімі қалай?
Әйеліме бір рет «талақ» айттым. Соның үкімі қалай?
8 жыл бұрын 8197

Әссәләмуғалейкум! Әйеліме «талақ» деп бір рет айтқан едім, енді, соның үкімі қалай болады?

Уағалейкум әссәләм!  Бір рет айтылған талақ -  «рижғи талақ» үкімінде.

«Рижғи талақ» дегеніміз – бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» т.б. деп айтылған талақ түрі болып табылады (үшіншісінде «байн талақ» болады). "Рижғи талақ" арадағы некені бұзбайды. Сондықтан, үш хайыз келу уақыты ішінде әйеліңізбен татуласуыңызға құқылысыз. Неке жаңартудың қажеті жоқ.

Татуласу – жарына «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын» деген сияқты сөз жүзінде немесе  оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады[1]. Айта кететін маңызды мәселе: бір рет талақ айтқан болса, үш рет талақ айту құқы екіге кемиді. 

Ескерту:

Дініміздің себепсізден-себепсіз ажырасуды құптамайтынын естен шығармау керек. Бұл – ерлі-зайыптылардың соңғы шешуші қадамы болуы тиіс. Одан бұрын, ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысулары ләзім. Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ»[2], – дей келе жөнсіз ажыраспауға үндеп отыр.  

Шаңырағымыз биік, босағамыз берік болсын!


[1] Алә’уддин әл-Кәсәни, Бадаиғ – 3/383 – 395 бет; әл-Лүбәб – 3/54 бет.
[2] Әбә Дәуід, Китабут Талақ – №2178 хадис.

Абдусамат Қасым