ҚМДБ-ның «спирт» жайында шығарған пәтуасына бірер сөз...
ҚМДБ-ның «спирт» жайында шығарған пәтуасына бірер сөз...
9 жыл бұрын 12824

Әссәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, өздеріңіз де оқып хабардар болып отырған боларсыздар, күні кеше ҚМДБ-ға қарасты ғұламалар кеңесі «Құрамында этил спирті бар дәрі-дәрмектерді қолдануға» қатысты пәтуа шығарды. Бұл пәтуадан: «Дәріге қосылған спирт өзгеріске ұшырағандықтан оны қолдана беруге болады. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектегі спирт мас қылу емес, емдік мақсатта болғандықтан, оны қолдану харам емес» дегенді түсіндім. Әлде мен қате түсініп отырмын ба? Осыған қатысты толық түсіндірме берсеңіздер. Марат. Ақтау

Уағалейкум әссәләм! Муфтиятқа қарасты «ғұламалар кеңесінің» қарқынды жұмыс жасап, елдің сұранысындағы өзекті мәселелерге пәтуа беріп жатқандығы қуантарлық жағдай. Алла ол кісілерден разы болғай!

Сіз айтып отырған пәтуаны оқыдым. Еліміздегі белгілі дін мамандарының талқысынан өткен салмақты пәтуа екендігінде сөз жоқ.

Құрамына спирт араласқан дәрі-дәрмектің, азықтың үкімі қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Десек те, аталмыш пәтуада кейбір мәселелерге кеңірек тоқталып, ерекше назар аударылса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамын. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) харам нәрселермен емделуден тыйғаны бәріне мәлім[1]. Бұл дегеніміз, ішетін дәрі-дәрмегіміз харам заттарды қамтыса, өзге емделу жолы қарастырылады деген сөз. Өзге емделу түрі табылмаған жағдайда ғана, құрамына харам қоспасы бар дәрі-дәрмекке жүгініледі.  

Аталмыш пәтуада мына бір жағдайлар кеңінен тарқатылып, түсіндіріліп, ескерілсе:

1. Дәріні сұйық (настой) және таблетка түрі деп бөліп қарастырған жақсы. Біздің кездестірген мәліметіміз бойынша, таблетка түріндегі дәрілерді жасау кезінде оларды жоғарғы температурадағы ыстықтан өткізеді. Оның құрамындағы спирт буға айналып, өзіндік табиғатын жоғалтады. Сондықтан, мұндай таблетка түріндегі дәрі-дәрмекті қолдану шариғатқа теріс емес. Ал, шикізаты спиртте тұндырылған сұйық дәрілердегі (настойка) спирт көбіне өзгермей өз қалпында қала беретіндіктен, өзге дәріні іздестіру қажет. Спиртсіз дәрі табылмаған жағдайда ғана амал жоқ, бұған рұқсат.

2. Шариғатта «Инқиләбуль Айн» (жаратылысының өзгеруі)  деген қағида бар. Бұл дегеніміз, шариғатта нәжіс деп танылған заттар өз табиғаты мен жаратылысын мүлдем жоғалтып, басқа бір таза затқа өзгерер болса (химиялық құрылымы өзгеріске ұшыраса), онда оның бұрынғы үкімі де өзімен қоса жоғалады. Өзгеріске тек сипат жағынан ғана емес, бүкіл табиғаты мен болмысы да қоса өзгерген болуы шарт. Тек, сипатының ғана өзгеруі – нәжіс үкімін жоймайды. Мәселен, сүттен ірімшік жасау, бидайды диірменнен өткізіп ұн ету т.б. – сипаты өзгергенімен, болмысы өзгермейді.[2]. 

Сондықтан, дәрі-дәрмектің құрамына қосылған «спирт» қосындысының көзге көрінбеуі және дәмінің байқалмауы – ондағы спирттің мүлдем жойылғандығын білдірмейді. Бұл арнайы лабараториялық зерттеулердің нәтижесінде ғана белгілі болады. Сұйық дәрілердің құрамында спирт бар деп көрсетілген болса, бұл оның құрамындағы әлі де жойылмаған, өз «табиғатын» өзгертпеген спирт қосындысының бар екендігінің дәлелі.

3. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі шығарған пәтуа мәтінінде: «...Ондағы негізгі мақсат – науқасты мас қылу емес», – делінген. Осы мәтіндегі «Ондағы негізгі мақсат – науқасты мас қылу емес» деген сөйлем қарапайым кісіге: «Демек, спирт қосылған дәрі немесе коньяк қосылған азық (мысалы, шоколод) мас қылу мақсатында болмағандықтан, оны қолдана беруге болады» деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан бұл сөйлемді бұл жерде қолданбаған жөн.

Олай дейтініміз, «Усулуль фиқһты» оқыған мамандар біледі. Ондағы «Қияс» бөлімінде мынадай қағида бар: «Үкім – хикметке емес, ъилләтке негізделеді». (Ъилләт – үкімнің байланған себеп-мәні). Бұл дегеніміз дәрі-дәрмектердегі спиртке қатысты үкімін шығарарда «мақсат-мұратқа» емес, ъилләтке сүйенеміз. Спирттің харам болу ъиллаты – оның мас қылу ерекшелігі. Сондықтан мас қылу ерекшелігі бар спирт сынды сұйықтықтың дәріге немесе азыққа араласуы, емделу яки қоректену мақсатында болса да, үкім өзгермейді.

Түйін:

Аталмыш пәтуада да көрсетілгендей, құрамында спирті бар дәрілерді зәру жағдайда ғана қолдануға рұқсат. Ал спирттің өзі нәжіс болмағандықтан, сыртқы қолданысқа қажет жағдайда қолдана беруге болады.


[1] Әбу Дауд – 4/217 бет.; Бухари.
[2] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар: «Бәбуль Әнжәс», 1-том, 519-бет.

Абдусамат Қасым