Алған дәретіме жиі күмәнданамын. Не істесем болады?
Алған дәретіме жиі күмәнданамын. Не істесем болады?
10 жыл бұрын 10723

Ассәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, менің қойғым келген сұрағым мынадай: Мен дәрет алғаннан кейін, кейбір жуылуы керек ағзаларды: «Жудым ба, жумадым ба?» -деп күмәнданамын. Бұл жиі болады менде. Кейде намазда тұрып осындай ойлар келеді. Мұндай жағдайда не істеген дұрыс? Асқат

Уағалейкумсалам! Қадірменді Асқат, мұны екі жағдайға бөліп қарастырсақ болады:

Біріншісі, әлгіндей күмәнға сирек түсетін кісінің жағдайы. Бұл кісі дәрет алып боп, артынан жуылуы тиіс ағзаларының бірін жуған-жумағанына күмәнданса, онда сол күмәнданған ағзасын жуады. Өйткені, шынымен-ақ әлгі ағзасын жумай қалу ықтималы басым.

Екіншісі, тым жиі күмəнданатын адамның жағдайы. Ондай жағдайда оны шайтанның уәсуәсі деп біліп, күмәнға мән бермеуі тиіс. Мұндай уәсуәсәні жеңудің бірден бір жолы – оған мән бермеу болып табылады. Өйтпесе, күмәннің жетегінде кетіп, күні бойы күмәннан арыла алмай басы қатады[1].

Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисін де айта кеткенді жөн көріп отырмын. Алла елшісі өзінің бір хадисінде: «Сендерден әлдекім қарнынан бір нәрсе байқаса, (бірақ одан) бір нәрсе шыққан-шықпағанына күмәнданса, ол кісі дыбысын естімейінше немесе иісін сезбейінше, мешіттен шықпасын»,[2] - дей келе күмәнға бой алдырмауға шақыруда.

[1] Бадайғ – 1/263 бет.
[2] Сахих Муслим. Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген.

Абдусамат Қасым