«Жәбираның» сыртынан мәсі киюге бола ма?
«Жәбираның» сыртынан мәсі киюге бола ма?
1 жыл бұрын 2101

Әссәләму ъәләйкум уә рохмәтуллаһи уә бәрокәтуһ! Адам тобығын шығарып алып, оны орнына салғаннан кейін сыртынан бинтпен байлап тастаған, дәрет алғанда аяқты жуғанда бинт емес жерін жуып, ал бинт байлаған сыртынан мәсих қыламыз ғой, сол бинттың сыртынан мәсих қылған себепті, аяққа сыртынан мәсі киіп алса бола ма, аяқтағы мәсіге мәсих жасаса бола ма? Абдуннұр.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жарақат үстінен таңылған таңғышты шариғатта «жәбира» дейді. Жарақатқа су тигізуге болмайтын кезде немесе сұрақтағыдай шыққан жерді бинтпен таңып тастап, шешуге болмайтын жағдайда, таңылған таңғыштың үстін дымқыл қолмен түгел сипалап, мәсіх тартылады. Жуылуы мүмкін ашық жерлері жуылады. Мысалы, тек тобықтың аймағы ғана таңылып, ал саусақ ұшына дейнгі жерлері ашық болуы мүмкін. Мұндайда аяқ ұшына дейінгі ашық жер жуылуы тиіс. Қалған, таңғыштың үстін түгел не көп жерін сипап мәсіх тартылады.  

Ендігі жерде, «жәбираға», яғни, таңғышпен таңылған аяққа мәсіх тартқаннан кейін, оның сыртынан мәсі киіп, мәсіге әдеттегідей мәсіх тарта берсе бола ма?

Бұған қатысты Ханафи ғалымдары «болады» деп жауап берген. Өйткені, жәбираның үстін сипап мәсіх тарту да жуған есепті болғандықтан, жарақат жазылғанға дейін, үстінен мәсі киіп, мәсіге әдеттегідей мәсіх тартуға болады. Бұған қатысты Ханафи кітаптарында былай делінген:

... وَإِذَا تَوَضَّأَ وَمَسَحَ عَلَى الْجَبَائِرِ وَلَبِسَ خُفَّيْهِ ثُمَّ أَحْدَثَ فَلَهُ أَنْ يَمْسَحَ عَلَى الْخُفَّيْنِ مَا لَمْ يَبْرَأْ جُرْحُهُ

«Дәрет аларда жәбираға мәсіх тартып, үстінен мәсі кисе және артынан дәрет бұзылса, ол жарақаты жазылғанға шейін, аяғындағы мәсіге (әдеттегідей) мәсіх тарта алады... Өйткені, таңғышты сипап мәсіх жасау, таңғыштың астыңғы жағын жуғанмен тең, жарақат жазылғанға дейін осылай»[1].


[1] Имам Сарахси: «әл-Мәбсут», 1/240 бет.

Абдусамат Қасым