Құсса дәрет бұзыла ма?
Құсса дәрет бұзыла ма?
4 жыл бұрын 17170

Ассаламуалайкум!Құсса дәрет бұзыла ма? Құсқанда киімге шашыраса ол киіммен намаз оқуға бола ма? Қанат.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

  1. Ауыз толтырып құсқан болса, дәреті бұзылады[1]. Ауыз толы құсуды ғалымдарымыз: «Аузын жабуы қиынға соғатындай дәрежеде ауыз толы болса» деп түсіндірген.   
  2. Бір отырыста аз-аздан құсып, бәрін бірге шамалағанда, ауыз толатындай құсық шыққан болса да, дәрет бұзылады. Бұл Имам Әбу Юсуфтың пікірі. Имам Мұхаммед болса, бір отырыста ғана емес, себептері бір, бірақ әр түрлі уақытта құсқан жағдайда егер бәрін бірге есептегенде ауыз толатындай көлемде болса, дәрет бұзылады деген.
  3. Ауыз толы болмаса, аз көлемде құсқан жағдайда дәреті бұзылмайды.
  4. Ауыз толы құсқан құсық – нәжіс саналады. Сондықтан, киімге не дененің бір жеріне алақан ойығындай жағылса, ол жерді тазаламай намаз оқуға болмайды.
  5. Ауыз толы емес құсық болса, нәжіс ретінде есептелмейді. Сол себепті, аз көлемде құсқан құсық дененің бір жеріне тиген болса, намазға кедергісі жоқ[1].
Қорыта айтқанда, ауыз толы құсса немесе бір мезгілде аз-аздан бірнеше рет құсып, бәрі бірге есептелгенде шыққан құсық ауыз толардай көлемде болса, дәретті бұзады. Құсық ауыз толы болмаса, дәрет бұзылмайды.

[1] Дәруқутни: Китабут тахарат – Бәбун фил узу минал Хариж.: «Мауқуф» хадисте былай делінеді: «Жамағатқа имам боп тұрған кезде, қарнында бір нәрсе сезсе немесе мұрнынан қан ақса яки құсса, киімін мұрнына қойсын да  жамағаттағы бірісінің қолынан ұстап, алдыға шығарсын».
[2] Имам  Марғинәни: «әл-Һидая» - Нәуақидуль Уду; Ө.Н.Білмен: «Илмихаль».