Жаназаны кім шығарғаны дұрыс?
Жаназаны кім шығарғаны дұрыс?
10 жыл бұрын 4936

Ассалаумағалейкум! Бізде болған бір жағдайды сұрайын деген едім. Бір жақынымыз қайтыс болардың алдында «түгенше деген имам жаназамды шығарсын» деп өсиет етіп кеткен екен. Бірақ жан тапсырар сәтте иманын қайыру үшін әлгі имамды таппай, басқа имамды шақырады. Жаназа намазы оқылатын кезде, туыстарымыз екіге бөлініп, бірі «өсиеті жерде қалмасын, өзі айтып кеткен пәленше деген кісі шығарсын» десе, екінші топ «жоқ иманын үйірген кісі шығарады» деп пікір таласты. Осы жағдайда шариғатымыз не дейді? Мұндай мәселелер ауыл-аймақтарда көптеп кездесіп тұрады.  Ғабит Аманқос

Уағалейкумсалам! Ғабит, мәйіт шыққан үйдің иесі, жаназа намазын шығаруға жергілікті имамды лайық көргені абзал[1]. Өлген кісінің қайтыс болар алдында «түгенше имам жаназамды шығарсын» деп айтып кеткен өсиетін орындау міндет емес[2]. Бірақ ауыл имамы өзі рұқсат етер болса, айтқан өсиетін орындау күнә емес.

Сол себепті, әлгіндей дүрдараздық туындай қалған жағдайда ауыл имамына тоқтағандары дұрыс.  

Мұсылмандардың әміршісі Әзірет Омарды Әбу Лю-лю атты бір мәжуси құл алты жерінен пышақтап, жаралайды. Жарақатының ауырлығынан өлім аузында жатқан Әзірет Омар, өзінің орнына әмірші тағайындалғанға дейін, халыққа намаз өткізуші имам ретінде Суһәйб әр-Руми атты сахабаны қояды. Үш күннен кейін Әзірет Омар қайтыс болады. Оның жаназа намазын өткізуге ыңғайланған қос сахаба Әз.Али мен Осман ибн Аффанның алдын орағытып Сухайб: «Мен сендердің бес уақыт намаздарыңда имамдық жасап жүрмін»[3], - деп Әзірет Омардың жаназа намазын өзі өткізген екен. Оған қарсылық білдірген бірде-бір сахаба болмады. 

[1] Әз-Зәбиди: әл-Жәуһара – 189 бет.
[2] Хашияту Ибн Ғабидин: Бәбу Салатил Жаназа – 3/122 бет.
[3] Әл-Хаким, әл-Мүстәдрак: Китабу Маърифати ас-сахаба - №4573 хадис.

 
Абдусамат Қасым