Асыр намазынан кейін жаназа намазын оқуға бола ма?
Асыр намазынан кейін жаназа намазын оқуға бола ма?
3 жыл бұрын 5122

Ассалаумагалейкум! Асыр намазынан кейін жаназа намазын оқуға бола ма ?  Мұрат

Уағалейкумуссәләм!

Асыр намазынан кейін де, таң намазын оқып болғаннан кейін де жаназа намазын оқуға болады. Бұл жайында: «Таң намазынан кейін және асыр намазынан кейін күн (сарғайып) өзгере бастауынан бұрын, жаназа намазын оқу мәкруһ емес» - дейді Ханафи ғалымы Имам Кәсәний (рахимаһуллаһ)[1].

Ендігі жерде, жаназа намазын мына үш уақытта оқу мәкруһ болады, бірақ бұл уақыттарда оқылған жағдайда жаназа намазы оқылған болып саналады, қайта оқудың қажеті жоқ. Жаназа намазын оқу мәкруһ болатын үш уақыт төмендегідей:

  1. Күн шыға бастаған сәттен, найза бойы көтерілгенше,
  2. Күн дәл төбеге келген сәттен, батысқа қарай ауа бастағанша,
  3. Күн сарғайып бата бастаған сәттен толық батқанға шейін.

Бұл мына бір сахих хадиске сүйенеді. «Сахих Муслимде» риуаят етілген хадисте сахаба Ъуқба ибн Ъамир былай деген: «Мына үш уақытта Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз оқудан және мәйіттерімізді қабірге көмуімізден тыйды: Күн шыға бастағаннан көтерілгенге дейінгі уақытта, тапа-тал түстен зәуәл уақытына дейінгі уақытта және күн бата бастағаннан, ұясына кіргенге шейінгі уақытта»[2]

Хадистегі «мәйіттерімізді қабірге көмуден...» деген сөз - «Жаназа намазын оқуды» білдіріп тұр. Аталмыш үш уақытта мәйітті қабірге көму мәкруһ емес. 

Демек, әзір болған жаназа намазын асыр намазынан кейін, күн сарғайып батуға жақындаған сәтке шейінгі аралықта оқудың мәкруһтігі жоқ. Ол жайында ғалымдар арасында талас жоқ. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъу». 2/350 бет.
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №831. (Китабу Салатил Мусафирин уа қасриһа). 

Абдусамат Қасым