Өзінің жеке байлығы бар әйелі де бөлек құрбан шалуы керек пе?
Өзінің жеке байлығы бар әйелі де бөлек құрбан шалуы керек пе?
3 жыл бұрын 8333

Бай ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жеке құрбан шалуы керек пе, әлде күйеуінің шалған құрбаны жеткілікті ме?

Исламда әйел кісінің дүниесі өзіне тән. Сол себепті, өзінің жеке байлығы бар, бай санатындағы әйел кісі құрбан айтта өзінің атынан жеке құрбан шалуы керек. Ол жағдайда күйеуінің шалған құрбаны оған есептелмейді.  

Ал енді «бір отбасыға бір құрбандық жетеді» дейтіндер, Шафиғи мәзхабына сай айтуда. Өйткені ол мәзхабта құрбан шалу «сүннет кифая» үкімінде, ол дегеніміз, отбасындағы бір кісінің құрбан шалуы арқылы басқаларының мойнынан түседі. Ханафи мәзхабында олай емес.

Ханафи мәзхабында, бай санатындағы кәмілетке толған, ақыл-есі дұрыс, жеке байлығы бар мұсылман ұл-қыздары мен жеке байлығы бар мұсылман әйелі өз алдына бөлек құрбан шалулары керек. Ал жеке байлықтары болмаса, отағасы шалған құрбанының сауабына оларды да ортақтастыруына болады.

Құрбан шалу кімдерге міндет?

Ханафи мәзхабында құрбан шалу міндет болуы үшін, мұсылман, балиғатқа толған әрі ақыл-есі сау және жолаушы емес болуымен қатар, ең азы - 85 грамм алтынның құнына тең келер қажетінен тыс, артық ақшасы немесе 85 грамм алтынның құнына тең келер қажетінен тыс артық дүние-мүлкі бар болуы керек.

Мысалы, әйелінің үш ішігі бар делік (шубасы). Бір ішігін кисе, екі ішігі жай тұр делік. Егер осы артық екі ішігінің құны 85 грамм алтынға тең келер құнда болса, ол әйел кісіге құрбан шалу міндет болады. Құны оған жетпесе, міндет болмайды.  Немесе әйелінің екі автокөлігі бар болса, бір автокөлігін өзі қолданады, екіншісі артық деген сөз. Демек, егер қажетінен тыс автокөлігінің құны 85 грамм алтынға тең келсе, ол кісіге құрбан шалу керек болады. Тағы бір мысалы: қарызынан, әрі өзінің қажеттіліктерінен артылып жиналған ақшасы 85 грамм алтынға тең келіп тұрса, оған Құрбан шалу уәжіп болмақ. Осы тұрғыда нисапқа бір жыл толу керек деген шарт құрбандық пен пітір садақасында қарастырылмайды.

Осы айтылған мысалдарды, ер адамға да қатысты айтуға болады.

Абдусамат Қасым