Ауыстыратын киім болмаса, нәжіс тиген киіммен намаз оқи беруге бола ма?
Ауыстыратын киім болмаса, нәжіс тиген киіммен намаз оқи беруге бола ма?
2 жыл бұрын 9293

Ассәләмуғалейкум! Егер де киімге зәр тиіп, ауыстыратын киім болмаса және зәр тиген жерді жуатын су табылмаса, не істейді? Намаз қаза болмас үшін оқи беруге бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кітаптарда мынадай үкім айтылады: Нәжіс жағылып, былғанған киімнің төрттен бірі таза болса, сол киіммен оқи береді, ал киімнің таза жері төрттен бірінен аз болса немесе киімнің бәрі нәжіс болса, ол кезде ерікті - қаласа сол киіммен оқи береді, қаласа шешіп жалаңаш отырып оқиды[1]. Бұл – нәжісті жуып тазалауға су жоқ кезге қатысты және ауыстыратын басқа таза киім табылмаған жағдайға қатысты. Ал су болса нәжіс тиген жерді жуып жіберуы тиіс немесе ауыстыратын таза киімі болса, таза киімін ауыстырып киюі керек, мұндай кезде нәжіс киіммен оқымайды.

Сондықтан сізге айтарымыз, ауыстыратын таза киім болмаса және зәр тиген жерді жуып тастайтын су табылмаса, сол былғаныш киіммен оқи бересіз. Ал жуып тазалайтын су болса, нәжіс тиген жерді жуып тастауыңыз тиіс немесе ауыстырып киетін таза киімі болса, киімін ауыстырып барып оқу керек, ондайда нәжіс киіммен намаз оқылмайды.


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус санаиъу». 1\545 бет. Бірақ Имам Мұхаммед, ондайда жалаңаш емес, нәжіс киіммен оқуы тиіс деген.

Абдусамат Қасым