Дәретте желкеге мәсих тарту бидғат па?
Дәретте желкеге мәсих тарту бидғат па?
9 жыл бұрын 12181

Әссәләмуғалейкум! Мойынға масих ету бидғат па? Нұрлыбек Сабырғалиев

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракатуһ!

Әуелі «мойын» дегеніміз не соны біліп алайық. Мойын деп, адам не жануарлардың басын кеудемен жалғастыратын дене мүшесі[1].

Араб тілінде мойынды «ъунуқ-عُنُقٌ» дейді.

Фиқһ кітаптарында мойынға мәсих тарту мәселесі былай тілге алынады:

«Қолдың сыртқы жағымен желкені мәсих ету – мустахаб ( желке - رَقَبَةٌ). Бірақ, тамақты емес (тамақ - حُلْقُومٌ). Тамақты мәсих ету – бидғат. Өйткені, ол хадисте келмеген»[2].

Демек дəрет алғанда мойынның желке тұсына мəсих тарту - мұстахаб амалға жатады. Яғни, Пайғамбарымыз орындаған іс. Нақтырақ хадистен дәлел келтірер болсақ:

1. Имам Байхақидің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта, табиғин әрі хадис ғылымының білгірі Талха әкесі Мусаррифтен мындай хадис риуаят етеді[3]:

«Атасы Каъб ибн Ъамр пайғамбарымыздың дәрет алып жатқанын көрген. Алла елшісі басына және екі құлағына мәсих тартып, екі қолын желкесіне дейін апарған  (وأمر يديه على قفاه

Аталмыш хадистің Табараниде келтірілген нұсқасында былай делінген:

«Алла елшісі (с.а.у.) дәрет алып, екі қолымен масих тартты. Мәсихта бастың алдыңғы жағынан бастап, шүйде жақтан есептегенде екі қолын мойынның астыңғы жағына дейін жеткізді»[4].

Хадисте көрсетілгендей, Пайғамбарымыз (с.а.у.) шүйде жақтан есептегенде мойынның астыңғы жағына дейін дәлірек айтқанда, мойынның артқы тұсы, яғни, желкесіне дейін сипаған.

2. Пейішпен сүйіншіленген сахабалардың бірі Талха ибн Убайдулланың ұлы Мұса ибн Талхадан мынадай хадис жеткен. Онда былай делінеді:

«Кімде-кім, басымен қоса желкесіне де мәсих тартса, қиямет күні қатты шөлден аман қалады».  

Осы хадиске беделді хадисші Ибн Хажар әл-Ъасқалани (м.1371-1448 ж.), өзінің «тәлхис» атты еңбегінде былайша түсініктеме беріп өтеді:

«(Пайғамбардан) Осылай айтылуы да мүмкін. Бұл хадис «мауқуф»[5] болса-дағы, «марфуъ»[6] үкімінде. Өйткені, мұндай сөз ойдан айтылмайды. Сондықтан, ол хадис - «мүрсәл-хадис[7]» болып саналады[8].

Жоғарыдағы хадистер, Ханафи мәзхабындағы мойынға мәсих тарту мәселесінің де бидғат емес, керісінше хадис кітаптарындағы риуаяттардан шығарылған дүние екендігін дәлелдейді.

Қорытынды: Дәретте желкеге мәсих тарту үкімі – мұстахаб. Мұстахаб дегеніміз – Пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемеген дүниелерін айтамыз.


[1] Қазақ тілінің әмбебап сөздігі. «Мойын».
[2] Раддуль Мухтар, 1/415 бет. «Дарус сәқофа». Дамаск-Сирия.
[3] Әл-Байһиқи, әс-Сүнәнул Кубар. №262 хадис.; Әбу Дәуід - №132.; Ахмад ибн Ханбәл  - №15521 хадис.
[4] Табарани, филь кәбир.
[5] «Мауқуф» хадис – сахабаға телінген оның әрбір сөзі, ісі және үнсіз құптауы. Хадисте бір немесе бірнеше сахабаның сөзі, іс-әрекеті немесе құптаулары қамтылады. Мауқуф хадистің үкімі: Мауқуф хадис сахих, хасан немесе әлсіз болуы мүмкін. Егер дұрыстығы анықталған жағдайда Әбу Ханифа мәзһабының ғалымдары және Имам Мәликтің көзқарасы мен Ахмад ибн Ханбалдың бір риуаяты бойынша дәлел болады. (Қанат Нұрмаханұлы)
[6] «Марфуғ» – Хадисті жеткізушілердің тізбегі пайғамбарға дейін (с.а.у.) жеткен хадис. Хадисте Оның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрбір сөзі, ісі, құптауы немесе жеке сипаттарына қатысты мәлімет қамтылған.
[7] «Мурсал» хадис – тізбегінің соңында табиғиннен кейінгі рауиі түсіп қалған хадис. Яғни, тізбекте табиғиннен кейін сахаба түсіп қалып,табиғиннің тікелей Пайғамбардан (с.а.у.) жеткізген хадисі мурсал хадис деп саналады. (Қанат Нұрмаханұлы).
[8] Ахмәд ибн Али Мухаммед әл-Кинәни (әл-Асқалани). Тәлхисул Хабир.

Абдусамат Қасым