«Домбыраны харам деген адамның намазы қабыл емес» деген сөз қаншалықты дұрыс?
«Домбыраны харам деген адамның намазы қабыл емес» деген сөз қаншалықты дұрыс?
18 күн бұрын 2177

Әссәләмуалейкум! Бір уағызшы кісі Домбыраны харам деген адамның намаз қабыл болмайды деді, осынысы қаншалықты дұрыс?

Бисмилләһир рахманир рахим, уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Құрметті сауал жолдаушы! 

«Домбыраны харам деушінің намазы қабыл емес» деген сөз — жаңсақ әрі орынсыз айтылған пікір. Ислам әдебиеттерінде домбыраны харам деуге түрткі болатын да, мубах (рұқсат, халал) деуге мүмкіндік беретін де деректер кездеседі. Біз домбыра мәселесінде — домбыраны халал санауға жетелейтін сунниттік бағыттағы кейбір көне ғалымдардың пәтуаларын негізге аламыз. (Домбыраның үкімі жайында толығырақ 668 нөмерлі жауабымызды оқи аласыздар).

Неге десеңіз, мұндай діннің іргелі негіздеріне жатпайтын («даруратуд-динияға» жатпайтын), әрі таласты қоғами тақырыптарда орта жолды ұстанған жөн және жергілікті халықтың дүниетанымы мен менталитетін де ескерген абзал (әрине, егер ол мәселе даруратуд динияға жататын кесімді үкімдерге қатысы болмаса).

Енді «домбыраны харам деу намаздың қабыл болмауына себеп бола ма?» деген сұраққа келейік.

Домбыра — қазақ халқы үшін қадірлі, рухани маңызы бар ұлттық аспап. Оның құрметке лайықты мұра екені даусыз. Бірақ домбыра — діннің рәмізі емес. Яғни, домбыраны мубах деуіміз — оған діни мәртебе бермейді. Ол — рұқсат етілген амалдардың бірі. Ал егер оған діни сипат беріп, Құранмен, Қағба тасымен немесе басқа да «шаъаируллаһ» саналатын діни символдармен қатар қойып жатсақ, ол — үлкен қателік, нағыз бидғат әрекет болмақ.

Қорыта айтқанда, домбыра мубах аспап болғанымен, «домбыраны харам деушінің намазы қабыл емес» деу — дінге қайшы келетін, шариғатқа негізделмеген пікір. Себебі мұндай сөздің астарында домбыраны діни рәміздермен (шаъаирулллаһпен) қатар қою ниеті байқалады. Бұл — әсіресілтеушілік, әрі үлкен адасушылық. Әр нәрсені өз орнымен бағалай білсек, мәселе туындамайды деп ойлаймыз.

Осы тұрғыда уағызшы кісінің әлгіндей сөзі — уағыз айту сәтіндегі байқаусызда шыққан қателік болуы ғажап емес. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Бұл қателік ескеріліп, келесіде ондай орынсыз пікірлерге жол берілмес деген үміттеміз.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым

 

Абдусамат Қасым