«Мәйітті жуып болғаннан кейін соңғы мәрте көруге болмайды» деген сөз дұрыс па?
«Мәйітті жуып болғаннан кейін соңғы мәрте көруге болмайды» деген сөз дұрыс па?
21 күн бұрын 1845

Әссәләму ғалейкум! Мәйітті жуып болғаннан кейін соңғы мәрте көруге болмайды дейді, мәйіттің бой дәреті бұзылады екен. Осы қаншалықты дұрыс?

Әлхамдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мәйіттің денесін жуып, кебіндеп болғаннан кейін жақындарына соңғы рет көрсетуге болады. Ол жағдайда кебінге ораулы мәйіттің бетін ғана ашып, туыстарынан көрем деушілерге көрсетуге рұқсат. Оған қайта жуындырудың қажеті жоқ, мәйіттің бой дәреті бұзылмайды. Тіпті мәйітті жуындырып болғаннан соң, кебіндемей тұрып ішінен нәжіс шықса да денесі қайта жуылмайды (тек шыққан нәжісті тазалап жіберген жақсы).

Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына деректі айта кетелік. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Осман ибн Мазъун есімді сахаба қайтыс болады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) Османның өлі денесі жатқан бөлмеге кіріп, оның бетін ашып маңдайынан сүйеді де, көз жасына ерік береді. Сол жағдайды әңгімелеген Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісінің көзінен пора-пора жас ақты» дейді1. Ол кезде сахаба Осман ибн Мазъунның денесі жуылып, кебінделіп қойған еді2. Егерде мәйітті соңғы рет көру қандай да бір зиян келтірер болса, Алла елшісі (с.а.у.) олай істемес еді.

Ендеше, мәйітті жуып, кебіндеп болғаннан кейін, туыстарына соңғы рет көрсетуге болады, оған мәйіттің тазалығына ешқандай нұқсандық келмейді.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Уа ахиру даъуанә әниль хамду лилләһ Раббиль аләмин! 


1  Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахих. Айша анамыздан риуаят етілген.
2  әл-Хәким ән-Нисабури: «әл-Мүстәдрак».

Абдусамат Қасым