Намаздың парыздарымен ғана шектеліп, сүннет намаздарын оқымауға бола ма? Анон.
|
Намаздың парыздарын ғана оқып, сүннет намаздарды оқымасам бола ма?
|
Құрметті сауал жолдаушы! Жолдаған сұрағыңызға қатысты білікті ғұлама мархұм Имам Юсуф әл-Қардауидің осыған ұқсас бір мәселеге берген жауабын аударып беруді жөн көрдік. Ғұлама былай дейді:
Бисмилла, әл-хамду лилләһ, уәссәләту уәссәләму ғаля Расулилләһ!
Бес уақыт намаз – әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз әрі міндеттелген іс. Дегенмен, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үнемі өзі оқып және ізінен жүруші мұсылмандарға да оқуды бекіткен «бекітілген сүннеттері» бар, оларды - «Сүнәну рәуәтиб» дейміз.
Мұсылман адам бұл сүннет намаздарына мән беріп, оларды үзбей оқуға тырысқаны жөн. Олай жасауының бірнеше себебі бар:
Біріншіден, сүннет намаздары – мұсылманды Жаратушыға жақындатып, Алла алдындағы сауап қорын арттыра түседі. Адамдар банктегі ақша-қаражатын көбейтуге тырысатыны белгілі. Ендеше, бақилықта өзіне мәңгілік азық болатын игі істер мен сауап қорын неге молайтпасқа?! Ол жайлы Алла Тағала Құранда: «Ол күні мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Алланың алдына пәк жүрекпен келгендер ғана (пайда табады)» дейді1.
Құдси хадисте былай делінген: «Құлым маған Өзіне парыз еткен амалдарымнан артық өзге ешбір нәрсемен жақындай алмайды. Құлым нәпіл (парыздан тыс) амалдарды орындау арқылы маған жақындай түсетіндігі соншалықты, нәтижесінде мен оны жақсы көре бастаймын. Егер Мен оны жақсы көрсем, Мен оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы боламын…»2 делінеді.
Екіншіден, бұл сүннеттерден сырт айналу – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіспеншілігінен шеттеп қалумен бірдей. Алла Тағала: «Шын мәнінде, сендер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі бар» дейді3. Пайғамбарды сүйген жан - оның сүннеттеріне еріп, оны жандандырады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы сүннеттерді тұрақты түрде оқыған екен, демек оларды ұмыт қалдырмай, тірілту және сонымен жүру – біздің міндетіміз екен.
Үшіншіден, тағы бір маңызды мәселе – бұл сүннеттер парыз намаздарында кеткен олқылықтар мен кемшіліктердің орнын толықтырады. Кім айта алады: «Мен парызды толық дерлік, барлық әдептеріне сай, ішкі ықыласыммен (хұшуғпен) орындадым» деп? Мүмкін намаз үстінде ойымыз басқа жаққа кетіп, жүрегіміз алаңдап, дене тыныштығы бұзылған шығар, тіпті намаздың ішкі парыздарын да сабырмен толық орындай алмаған болармыз.
Қиямет күні пенденің есебі алдымен намаздан алынады. Егер парыздарды толық атқарған болса – жақсы, ал толық болмаса: «оқыған сүннеттері мен нәпілдерін қараңдаршы» делінеді. Міне, сонда ондағы кем-кетіктер нәпіл намаздар арқылы толтырылады. Демек, сүннеттер – парыздардағы олқылықтардың орнын жабатын бірден-бір таптырмас амал екен.
Парыздармен ғана шектелсе де күнә емес
Дейтұрғанмен, парызды өз уақытында орындап, намаздың ішкі парыздары мен уәжіптерін еш кемітпей, тек парыз намаздарымен ғана шектелген мұсылманға да күнә жоқ, оған ешқандай жаза да қолданылмайды. Хадисте баяндалғандай, бір бәдәуи Пайғамбарымызға келіп: «Алланың атымен ант етейін, бұған (парыздарға) ешнәрсе қоспаймын да, одан еш нәрсе кемітпеймін де!» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның сөзіне қарасты: «Егер рас айтса, құтылды (табысқа жетті)» дейді. Басқа риуаятта: «Егер рас айтса, жәннатқа кірді» деген. Тағы бір нұсқасында: «Кім жәннат иелерінен бірін көргісі келсе, мына кісіге қарасын» деп әлгі кісіні айтқан екен.
Алла Тағала бәрімізге тәуфиқ пен һидаятын сыйласын!
1«Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар.
2 Имам Бұхари: «Сахих Бұхар».
3 «Ахзаб» сүресі, 21-аят.