Неге Құранда "ортаңғы намазға сақ болыңдар" делінген?
Неге Құранда "ортаңғы намазға сақ болыңдар" делінген?
9 ай бұрын 7836

Ассаламуғалейкум! Қалайсыздар? Неге құранда Алла Тағала орта намазға сақ болыңдар деген?

Әлхамдулиллә. Уассаләту уәссәләму аля Расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Алла Тағала Құранда бес уақыт намазға сақ болуды бұйырады, соның ішінде ортаңғы намазды ерекше атап өткен. Ол жайында «Бақара» сүресі, 238 аятында былай делінген:

«حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَىٰ وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ

«Намаздарға сақ болыңдар және ортаңғы намазға сақ болыңдар. Аллаға бойсұнған күйі (намазға) тұрыңдар».

Қасиетті аяти-кәримадағы «намаздарға сақ болыңдар...» дегені - намазды себепсіз, немқұрайдылықпен қаза етпеңдер, уақытында оқыңдар дегені. Ал «ортаңғы намаз...» болса, оны Әзіреті Әли (р.а.) «екінті намаз» деп тәпсірлеген1.

Ендеше неге ортаңғы намазға сақ болыңдар деп оны ерекше атап отыр? Мұның жауабын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисінен табуға болады:

«Кімде-кім асыр намазын оқымаса, оның амалы босқа кетеді»2.

Бұл дегеніміз, сол күнгі сауапты істері өшіп кетеді дегенді білдіреді және мұндай ерекшелік - асыр намазын қаза етуге тән, өзге намаздарды қаза ету де ауыр күнә, бірақ сол күнгі сауапты амалдары өшіп кетпейді. Ендеше Құран Кәрімде Жаратушы Құдай Тағаланың асыр намазына айрықша назар аудартуының мәні осы екен. Аятта: «істеген амалдарың өшіп кетпес үшін, әсіресе асыр намазына сақ болыңдар» деп тұрғандай. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Имам Табари, «Бақара», 238 аят тәпсірі.
2  Имам Бұхари, «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым