Құныт дұғасын оқитын кезде екі қолды көтереміз, соған дәлел бар ма?
Құныт дұғасын оқитын кезде екі қолды көтереміз, соған дәлел бар ма?
1 жыл бұрын 5577

Үтір оқығанда қол көтереміз, соған дәлел бар ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Үтір намазында екі рет қол көтеріледі. Бірі - намазды бастағанда, екіншісі - құныт дұғасын оқитын кезде. Оған дәлел ретінде, Әбу Ханифадан жеткен риуаятта, сахабалардың көзін көрген, тәбиғиндердің ішіндегі фақиһы саналатын Ибраһим ән-Нәхәъидың мына дәйегін келтіруге болады. Тәбиғин ғалым былай дейді: 

" تُرْفَعُ الْأَيْدِي فِي سَبْعِ مَوَاطِنَ: فِي افْتِتَاحِ الصَّلَاةِ , وَفِي التَّكْبِيرِ لِلْقُنُوتِ فِي الْوِتْرِ , وَفِي الْعِيدَيْنِ , وَعِنْدَ اسْتِلَامِ الْحَجَرِ , وَعَلَى الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ , وَبِجُمْعٍ وَعَرَفَاتٍ , وَعِنْدَ الْمَقَامَيْنِ عِنْدَ الْجَمْرَتَيْنِ "

«Қол жеті жерде көтеріледі: намазды бастағанда (ифтитах тәкбірі), үтір намазындағы құныт дұғасын оқитын кезде, екі айт намаздарында, (Кәғбадағы) қара тасқа сәлем берген кезде, Сафуа мен Мәруаға көтерілгенде (қыблаға қарап қол жайып дұға жасайды), Арафат тауында, екі шайтан тастың қасында тұрғанда (кіші және үлкен шайтан тасқа тас лақтыру кезінде дұға жасағанда қол көтеру)»1. 

Көптеген сахабалардан хадис үйренген тәбиғин ғалымның мұндай мәліметті өз ойынан айтпасы анық, демек оның бұл дәйегі сахабалардан естіген риуаятқа сүйеніп айтылғандығын топшылауға болады.

Осы риуаятта «үтір намазындағы құныт дұғасын оқитын кезде...» делініп тұр. Бұдан түсінетініміз: үтір намаздың үшінші рәкәғатында, Фәтиха мен зам сүрені оқып болғаннан кейін, «Аллаһу әкбар» деп екі қолды көтеріп, қайта қол байлап, артынан құныт дұғасын оқимыз. 


1  Имам Тахауи (р.а.): «Шәрху Маъаниль Әсәр» - Бәбу рофғил йәд, ъиндә руятиль бәйт»

Абдусамат Қасым