Тарауих намазында сүрелерді Құран кітабына қарап оқып, хатм етуге бола ма?
Тарауих намазында сүрелерді Құран кітабына қарап оқып, хатм етуге бола ма?
3 жыл бұрын 6101

Ассаламу алейкум! Ораза қабыл болсын. Сұрағым: Тарауих намазының қырағатын, хатм ету мақсатында Құранна қарап оқыса бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тарауих намазында сүрелерді Құран кітабынан оқуға болады деуіміз үшін:

  • Біріншіден – Құран кітапты қолына ұстап тұрмауы керек.
  • Екіншіден – Өзі Құран жаттаған Қари болуы керек.

Бұған байланысты Ханафи ғалымдары: «Егер, Хафиз, яғни, Құранды жаттап алған Қари адам, оны ұстамай, бетінен қарап оқыса, намазы бұзылмайды» деген.

Себебі, «Құран кітапты қолына ұстап тұру» және оның беттерін парақтау «көп қимыл» саналатындықтан, намазды бұзады.

Ал, «өзі Құран жаттаған Қари болуы керек» деуінің мәнін былай түсіндірген: Кісінің өзі жаттамаған сүрелерін намазда Құран кітабынан оқуы – намаз оқып тұрып, сырттағы өзге біреуден Құран оқуды үйренумен тең. Ол нәрсе – намазды бұзатын әрекет.

Сондықтан да, аталмыш екі талап сақталмай, Тарауихта болсын, басқа намаздарда болсын, сүрелерді Құран кітабына қарап оқи алмайсыз. Өйткені, намазды бұзады. Аталмыш екі талап табылған жағдайда, оқуға болады[1].  


[1] Толығырақ: «Заман тудырған сұрақтар», ІІ том, 140 бет. «Самға» баспасы, 2020 ж.

Абдусамат Қасым