Уақыты шықпаған намазды шықты екен деп қаза ниетімен оқыса, қай намазға есептеледі?
Уақыты шықпаған намазды шықты екен деп қаза ниетімен оқыса, қай намазға есептеледі?
5 жыл бұрын 14068

Ассаляму агалейкум! Сұрақ: уақытқа қарамай "Құптан" кіріп кеткен болар деп ойлап, шамды "қаза" деп оқып, ал құптан намазын 5 минут бұрын ерте оқып қойсақ қалай болады? Екеуін де қайта оқу керек пе? Нұрлыбек Сабырғалиев

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи фиқһ кітаптарында мынадай ереже бар:

ويصح قضاءٌ بنية أداءٍ وعكسه

«Қаза намазы «Әдә’» ниетімен өтелген болса, дұрыс. Керісінше де солай».

Бұл ережені ғұламалар былай деп түсіндіреді:

«Кімде-кім, уақыт шықпады екен деп намазды өтеуге ниет етсе, кейіннен уақыттың шығып кеткендігі анықталса, онысы (қазаны өтегенге) есептеледі. Керісінше де солай».

Бұл дегеніміз, уақыты шықпады екен деп әлдебір намазға ниет етіп оқыса, артынан уақыты шығып кеткендігі анықталса, қазасын оқығанға саналады деген сөз. Қосымша қазасын өтеудің қажеті жоқ. Тек ниетінде «уақыты кірген» емес, «бүгіннің» деп айтқан болуы керек.

«Керісінше де солай» деді. Оған қатысты мынадай мысал берілген:

«Әлдекім бесіннің уақыты шығып кетті екен деп, бесіннің қазасына ниет етсе, бірақ оның уақыты шықпағандығы анықталса (бесінді уақытында оқыған болады)».

Яғни, бір намаздың уақыты шықпаған болса да «шықты екен» деп қаза ниетімен оқыса, онысы уақтылы оқығанға саналады. Бірақ, мұнда да «бүгінгі пәлен намаздың (мысалы, бесін) қазасы...» деп ниет еткен болуы тиіс. Сонда барып уақытында оқығанға саналады. Ал егер «бүгінгі» деп емес, «пәлен намаздың (мысалы, бесін) қазасын...» деп жалпылама ниет етсе, онда онысы әлі уақыты шықпаған сол намаздың орнына жүрмейді[1].  

Ендеше, сіздің жағдайда «бүгінгі ақшам намазының қазасын...» деп ниет еткен болсаңыз, ақшам намазыңыз уақтылы оқығанға есептеледі. Себебі әлі уақыты шықпаған. Ал, құптан намазыңызды қайта оқу керексіз, себебі уақыты кірмей оқылып отыр.

Оқылған құптан саналмай ма?

Құптан деп оқығаныңыз ниетіңізге қарай, әйтеуір бір өтелмеген құптанның қазасына жүреді немесе нәпілге. Дәлірек айтқанда, оған ниет етерде «Құптанды өтемекке...» деп жалпылама айтылса, онда әйтеуір бір өтелмеген құптанның қазасына жүреді деуге болады. Алайда, оны «бүгінгі» не «уақыты кірген құптан» деп ниет етіп оқыған болсаңыз, нәпілге саналады. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Алла қабыл етсін!  


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр – 2/100 бет.

Абдусамат Қасым