Оразаны себепсіз ашып жібергеннің жазасы қандай?
Оразаны себепсіз ашып жібергеннің жазасы қандай?
5 жыл бұрын 36626

Оразаны біліп тұрып ашып жіберсе не болады? Мұхаммед Хұрмет. 

Әбу Үмәмә әл-Бәһилиден риуаят етілген хадисте, Алла елшісі былай деген:

«Мен ұйықтап жатқан сәтімде екі ер кісі келіп, менің екі білегімнен ұстап, шығуы қиын бір тауға алып келді. Ол екеуі маған: «Шық» деді. Мен: «Шыға алмаймын ғой», - дедім. Олар: «Біз оны саған жеңілдетеміз», - деді. Кейін шықтым. Таудың дәл төбесінде болғанымда ащы дауыстар естілді. Мен: «Мына дауыстар не? - деп сұрағанымда, Ол екі кісі: «Тозақ иелерінің гуілдеген, ұлыған дауыстары», - деп жауап берді. Одан кейін, мені бір жерге апарды. Ол жерде бір қауымды көрдім. Аяқтары  тірсектерінен ілінген, ұрттары жыртылған, ұрттарынан қан ағып жатыр. Мен: «Мыналар кімдер?» - деп сұрадым. «Бұлар – оразаларын күн батпай жатып, себепсіз ашып жібергендер», - деп жауап берді»[1] 

Демек, оразаны себепсіз ұстамау қаншалықты ауыр күнә болса, оны ұстап жүріп себепсіз бұзып жіберудің де күнәсі соншалықты ауыр екен. О дүниеде ауыр азапқа дұшар ететін әрекет.

Сондықтан да, мұсылман адам белді бекем буып, Исламдағы бес парыздың бірі оразаны ойдағыдай өтеп шығуға барынша табандылық танытуы тиіс. Есесіне, қисапсыз сауапқа кенеліп, Алланың рақымына бөленеді. О дүниедегі мекені пейіш болмақ. Алла Тағала құдси хадистің бірінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін жазылады. Алайда, оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені, ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты...» - деп сүйіншілеген[2].

Алла Тағала тұтқан оразамызды жеңіл әрі берекелі етсін!


[1] Әл-Хәким, «әл-Мүстәдрак»: Китабус саум. №1609 хадис. 
[2] Бухари, саум, 2; Муслим, Сиям, 152.

Абдусамат Қасым