"Ғұсылсыз ауыз бекіте беруге болады" депсіз. Бұныңыз қате емес пе?
"Ғұсылсыз ауыз бекіте беруге болады" депсіз. Бұныңыз қате емес пе?
5 жыл бұрын 157366

Сәлеметсіздер ме! Рамазан айы мүбарак болсын! Сіздер «ғұсылсыз және дәретсіз ауыз бекіте беруге болады» депсіздер. Осы жерлеріңіз түсініксіз болып жатыр. Қате емес пе? Оразамыз бұзылып кетпей ме? 

Сәлеметсіз бе! Рамазан баршамызға мүбәрак болсын!

Ғұсыл бұзатын жағдайлардан кейін шомылу - әрбір мұсылманға міндет. Бірақ, мұны ауыз бекітіп барып орындауға да болады. Одан оразаңызға зиян тимейді. Әрине, ғұсылы жоқ кісі уақыт бар болса, алдымен шомылып, одан кейін сәресі ішкені құба-құп. Дегенмен шарт емес.

Дәретте де дәл солай. Сәресіге тұрған мұсылман толық дәрет алмастан, тек беті-қолын ғана жуып, сәресіні іше беруіне болады. Одан соң намаз уақыты таяғанда дәрет алып, намазын оқиды. Әйткенмен, толықтай дәрет алып келіп, асқа отырам десе де өз еркі.

Бұл айтылғандардың бəрі шариғатта бар үкімдер. Негізсіз емес. Мысалы, Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммедке (рахимаһумәллаһ) былай деп сауал қойылады:

- Бір кісі Рамазан айындағы түннің бірінде жүніп болып, таңға дейін (яғни, таң намазының уақыты кіргенге дейін) ғұсылданбаса, оған қатысты не дер едіңіз?" - делінгенде, Имам Мұхаммед:

- Ол сол күнгі оразасын толық ұстайды және оған еш нәрсе (өтеудің) қажеті жоқ. Пайғамбарымыздың ихтиләмсіз жүніп болған күйі таң атырып, сол күні ауыз бекіткендігі (мәлімет ретінде) бізге жеткен және онысы Рамазан айында еді, – деп жауап береді[1].[2].

Сондай-ақ, ғұлама әрі табиғин Ибраһим ән-Нахаъиден де мынадай риуаят жеткен: "Күндердің бірінде сахаба Әбу Һурайра (радияллаһу анһ): «кім жүніп болған күйі таң атырса, оның сол күнгі оразасы саналмайды» деп айтады. Оның бұл сөзі Айша анамыздың құлағына жетеді. Сонда Айша анамыз: «Алла Әбу Һурайраны рахымына бөлесін. Шын мәнісінде, Пайғамбарымыз ихтиламсыз жүніп болған күйі таң атырып, сол күнгі оразасын соңына дейін ұстаған етін және онысы Рамазан айында еді» - деп ескертеді. Мұны естіген ардақты сахаба Айша анамызға қарасты: «Ол менен жақсырақ біледі» деген екен[3].

Осы хадистен де, ғұсылсыз ауыз бекіте берудің дінде рұқсат амал екендігін аңғарамыз.

Осы тұрғыда, кейбір ауыз бекіткен кісілер «дәретсіз ауыз ашқан едім, оразам санала ма?» деп те сұрап жатады. Оған да айтар жауабымыз: Дәретсіз ауыз аша беруге болады. Ораза дұрыс. Дәрет - намаз оқу, құран оқу сияқты құлшылықтарға қажет. Ораза үшін шарт емес.

Алла тұтқан оразаларыңызды қабыл етсін!


[1] Имам Мұхаммед: «әл-Асл». 2/164 бет.
[2] Жүніп – ерлі-зайыптылардың қатынасқа түскеннен кейінгі немесе ләззатпен шәуәт бөлінгеннен кейінгі туындаған ғұсылсыздық күй.
Ихтиләм – ұйықтап жатып шәуәттың бөлінуі себепті туындаған ғұсылсыздық күй.
[3] Имам Сәрахси: әл-Мәбсут. 3/56 бет; «әл-Асл». 2/164 бет.

Абдусамат Қасым