ҚАЗА ОРАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
ҚАЗА ОРАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР
6 жыл бұрын 204643

- Қаза оразасын қай кестеге қарап өтейміз?

- Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт - ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал, күн толығымен батып, ақшам намазы уақытының кіруі - ауыз ашар уақытын білдіреді.

- Қаза оразаға ниет қалай жасалады?

- Қаза оразасының ниеті алдыңғы күннің ақшам уақытынан бастап, ең кеш сәресі уақыты біткенге дейінгі аралықта жасалуы шарт. Арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәсәлен былай ниет етуіне болады: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаларымның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші...), ХалисалиЛләһи Тағалә». Ауыз ашарда қазақшалап тілек-дұғасын жасауына болады.

- Қарыз оразаны өтеу кезінде сəресіге тұра алмай қалса, ештеңе ішпестен ауызын бекіте беруге бола ма? 

Егер, түнде "ертең қаза ораза ұстаймын" деп ниет етіп жатқан болсаңыз, сәресіге тұра алмай қалған жағдайда еш нәр татпастан ауыз бекітіп қазаны ұстап кете бересіз. Ал, жатарда ондай ниет болмаған болса, бұл күн қаза оразаға саналмайды, өйткені қаза оразаның ниеті ең кеш - сәресі уақытында жасалуы керек. 

- Жатарда ондай ниеті болмаса, сәресіге ұйықтап қалған жағдайда, еш нәр татпастан нәпіл оразаға ниет етсе рұқсат па? 

- Нәпіл оразаға рұқсат.

Қаза оразаны қай уақытқа дейін ұстап біту керек?

- Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни, келесі рамазан айына дейін немесе үлгермесеңіз одан кейінгі уақыттарда өтей аласыз. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеп алуға тырысқан дұрыс.

- Рамазан оразасынан қалған қазаларды да үзбей ұстау керек пе?

- Үзбей ұстау мәселесі – 60 күндік кәффәрат оразасына қатысты. Ал, қаза оразаларында үзбей ұстау шарты қарастырылмайды. Бөліп-бөліп өтеуге болады.

- Қаза оразасын әдейі бұзған жағдайда, 60 күн кәффәрат оразасын ұстау керек пе?

- Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат өтемейді. Сол күнді қайтадан ұстайды.

- Қаза оразасы бола тұра, нәпіл ораза ұстауға бола ма?

- Ханафи мәзхабы бойынша, болады. Дейтұрғанмен, алдымен қаза оразаны тезірек өтеп алу жағына мән берілген жөн.

- Қаза оразаны үш күн айт біткеннен соң ұстай ма?  

- Ораза айттың екінші күнінен бастап, қаза оразаңызды ұстай беруіңізге рұқсат.  

- Шәууәл оразасы мен қаза оразаларды бірге ниет етіп ұстаса бола ма?

- Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек-бөлек ұсталады.

Алла жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін! 

Абдусамат Қасым