Зекет ақшасынан немесе пітір садақасынан ауызашар берсе бола ма? Зекетке санала ма?
Зекет ақшасынан немесе пітір садақасынан ауызашар берсе бола ма? Зекетке санала ма?
10 ай бұрын 2181

Егерде балалар үйіне немесе мешітке «ауызашарға» деп берілген ақша зекет ретінде жүре ме?

Ереже бойынша зекет пен пітір садақасы дұрыс болып есептелу үшін, пақырдың иелігіне тапсыру шарты жүзеге асу керек, оны - «тәмлик» дейді, яғни, иелігіне беру. Ал ауызаштыру ісінде «тәмлик» шарты жүзеге аспайтындықтан, зекет ниетімен ауызаштырған жағдайда онысы «зекетке» немесе «пітірге» есептелмейді. Бірақ зекет пен пітірден бөлек ақшаға ауызаштыруға болады, ауызаштырудың және ас берудің сауабы мол.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін Ханафи фиқһ кітаптарынан үкім бере кетелік. Мысалы, Ханафи ғалымдарынан Имам Кәсәни (рахимаһуллаһ) былай дейді:

«Егер, зекет беретін кісі зекет ақшасына тағам сатып алып, онымен пақырларды азанда, кешке тамақтандырса, «тәмлик» шарты жүзеге аспайтындықтан, онысы (зекет) ретінде есептелмейді, (бірақ) тамақтың өзін пақырларға берсе ол басқа»[1].

Тоқ етерін айтқанда, зекет пен пітір ақшасынан ауызашар берілмейді. Зекетті де, пітірді де мұқтаж адамның иелігіне беру керек. Ауызаштыру саупты болса да, "кедейдің иелігіне тапсыру" шарты жүзеге аспайтындықтан, зекет ниетімен ауызаштырған күннің өзінде зекетке есептелмейді. Бірақ зекет пен пітір ақшасына азық-түлік сатып алып, оны зекет ниетімен кедей, мұқтаж кісілерге берсе, оған рұқсат. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Имам Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъ». 2\455 бет.

Абдусамат Қасым