Зекетті «кедей» деп берген адам бай немесе алаяқ болып шықса, қайта беру керек пе?
|
Зекетті «кедей» деп берген адам бай немесе алаяқ болып шықса, қайта беру керек пе?
|
Шариғатта зекет берілетін сегіз санат бар. Соның алғашқы қатарында кедей, міскін және пақыр адамдар аталады. Кедей санатына «85-90 грамм алтынның» құнына тең келер артық дүниесі жоқ адам жатады. Ал «міскін» деп ешқандай дүниесі жоқ, аса мұқтаж адамды айтады.
Енді сауалға келсек: бір адамды кедей деп ойлап, зекетін бергеннен кейін оның шын мәнінде бақуатты екені анықталса немесе сауалда айтылғандай, өзін кедей етіп көрсеткен алаяқ болып шықса, берілген зекет саналады ма?
Егер зекет беруші ол адамның жағдайын анықтауға тырысып, мүмкіндігінше оның мұқтаж екеніне көз жеткізген болса, кейін оның бай екені анықталса да, зекеті дұрыс саналады және қайта берудің қажеті жоқ.
Бұл туралы Ханафи фиқһ кітаптарында былай делінген:
«Әбу Ханифа мен Мұхаммед айтты: “Бір кісіге кедей екен деп ойлап, зекетін берсе, алайда кейіннен оның бақуатты екендігі немесе Һашими ұрпағынан екендігі яки кәпір екендігі анықталса... зекетін қайта бермейді”»[1].
Сондықтан зекет беретін кезде адамның мұқтаж екендігін анықтап алған абзал. Егер тексеріп, оның кедей екендігіне деген ойыңыз басым болса, берген зекетіңіз дұрыс болады. Кейіннен оның бай екені анықталса да, зекетті қайта берудің қажеті жоқ. Одан қайтарып алу керек пе? Қайтарып алу шарт емес. Бай алған зекетін садақа етіп беруі керек немесе өздігінен қайтарып беру керек.
Сол сияқты, өзін кедей етіп көрсеткен алаяққа зекет ақшасын беріп қойған болсаңыз және оның алаяқ екені кейін анықталса, сіздің зекетіңіз саналады. Қайта зекет берудің қажеті жоқ. Ал алаяқтық жолмен алған ол ақша оған харам болады.
[1] «Әл-Лүбәб Шәрхуль Китәб» – Китабуз-зәкәт.