Автокөлікке «крутой» нөмір сатып алуға шариғат қалай қарайды?
Автокөлікке «крутой» нөмір сатып алуға шариғат қалай қарайды?
2 жыл бұрын 4108

Ассалаумағалейкум! Қояр сұрағым: Ақша төлеп, көлікке әдемі нөмер алғанға шариғаттың көзқарасы қалай?  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, автокөлікке қымбат нөмір сатып алу харам емес. Бірақ, бекер мал шашпақты да дініміз құп көрмейтіндігі мәлім. Құран Кәрімде Алла Тағала мүмін-мұсылмандарды сипаттай келе: «Олар сондай – қашан дүние жұмсаса ысырапқа бармайды әрі тым тарылмайды да, екеуінің ортасын ұстанады», - дейді[1]. 

Қымбат нөмірді сатып алу - мақсатсыз әрі қажетсіз мал сарп етушілік. Оның түбінде мақтан жатыр. Ешқандай заңды түрде жеңілдік қарастырылмаған жай бір нөмірді құр мақтан үшін қомақты ақшаға сатып алып жатады. Мысалы, қымбат автокөлік сатып алып жатса, онда белгілі бір мақсат бар, белгілі бір қажеттілік бар, оны ысырап дей алмаймыз. Не болмаса, жағдайы жететін кісі үлкен үй тұрғызар болса да оны ысырап дей алмаймыз. Өйткені, үлкен үйде тұру күнә емес және қандай болса да, баспана, ол - қажеттілік. Киім-кешек те солай. Ал қымбат нөмірдің қандай мәні бар? Тек мақтан үшін. Сондықтан да, кәдімгі нөмірмен шектелу мүмкіндігі бола тұра, еш пайдасы жоқ қымбат нөмірді қомақты ақшаға сатып алуды – шариғатта бекер мал шашпақ әрі ұнамсыз әрекет деуге болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «әл-Фурқон» сүресі, 67 аят.

Абдусамат Қасым