Ислам бойынша, салық төлеу шарт па?
Ислам бойынша, салық төлеу шарт па?
8 жыл бұрын 5955

Әссәләмуғалейкум! Мұсылман баласы адал табыспен күн көруі керек дейміз. Бірақ, ғаламторда қаншама жеке тұлғалар (физ.лицо) түрлі зат сатады немесе пәтерді жалға береді. Қазақстан Республикасының заңы бойынша, әр кірістің 10%  салығын төлеу керек. Алайда, төлемейді. Осы табысты адал табыс деп есептей аламыз ба?  Алла риза болсын, енбегіңізге. Осы сұрақ қатты мазалап жүр. Өйткені, ғаламтор арқылы жеке тұлғаларға тапсырыс беріп, түрлі зат сатып алғанмын. Егер, адал болмаса, бұрыс әрекетке себепші болып тұрмын ба?  Айгерім.

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Айгерім, Исламда «салық (налог) төлеу деген нәрсе бар ма?» деп тұрсаңыз, Пайғамбар (с.а.у.) уақытында ол нәрсенің болмағаны рас. Бірақ, кейінгі ғасырларда зекеттен бөлек, қазіргі салыққа ұқсас алым төлеу өкімет тарапынан міндеттеліп жатты. Оның аты фиқһ кітаптарында «әл-Уәзаиф», «әл-Күләфул әс-Сүлтания», «ән-Нәуәиб» деген атаулармен белгілі. Деректерге қарағанда, Имам Ғазали (м.1058-1111 ж.), Имам Шатиби (1338 ж.) есімді ғұламалар мемлекеттік қазына босап (бәйтуль мәл), әскердің қажеттілігі артса, мемлекет басшысы (әл-Имам) байлардан  әскерлердің қажеттілігін өтеуге жететіндей салық төлеулерін міндеттей алады деген.

Қазіргі заманда «салық деген нәрсе Исламда жоқ» дейтіндер болғанымен, дін ғалымдарының көпшілігі салық төлеу мен зекет беруді екі бөлек қарастыру керектігін айтады. Мысалы, шариғат бойынша, зекеттегі басты мақсат – тәмлик (меншік иесі ету). Бұл зекетке бөлінген дүниесін, өзінің меншігінен шығарып, мұқтаждардың иелігіне түбегейлі беруді білдіреді. Зекеттен түскен ақшаны мешіт, медресе т.б. қоғамға қажетті ғимараттарды тұрғызуға жұмсамайды. Себебі, мұнда белгілі бір мұқтаж жанның иелігіне тапсыру деген нәрсе жоқ. Ендігі жерде, жол жөндеу, әскер мен полиция жасақтарын құру, мектеп пен балабақша құрылысы т.б. қоғамға қажетті қызмет түрлерін мұсылман басшылығы қайдан алады?

Түйін сөз:

Құрметті сауал қоюшы, мемлекет реттеген «салық төлеу» міндеттемесі бәрімізге белгілі болғандай, ортақ мүддеге пайдаланылады. Сіз бен бізге қажетті түрлі қызметтерге жұмсалып жатады. Сондықтан да, әрбір сауда иесі дөңгелетіп отырған саудасын заңды тұлға ретінде тіркеп, өкімет белгілеген мөлшерде салығын төлеп тұруы – азаматтық борышы.

Дегенмен, сіздің сөз-саптауыңыздан түсінгеніміздей, сіз - сатып алушысыз. Әлдекімнің, өзіне міндеттелген салығын төлемеуінің сізге қатысы жоқ. Өйткені, Құранда: «...Әркім өзінің істеген күнәларына жауап береді. Біреудің күнәсін біреу көтермейді. Бәріңнің де барар жерлерің Раббыларыңның алды...»[1], – дейді Алла Тағала.


[1] Әнғам сүресі – 164 аят.

Абдусамат Қасым