Мен «Яндекс таксиде» жұмыс істеймін, кейде біреулерді сыраханаға апару керек болады, үкімі қалай?
Мен «Яндекс таксиде» жұмыс істеймін, кейде біреулерді сыраханаға апару керек болады, үкімі қалай?
2 жыл бұрын 2916

Ассаляму алейкум! Мен «Яндекс таксіде» жумыс істейтін едім.Жаз мезгілі болгансоң көп жағдайда кешке түнде «таксовка» жасаймын. Күндіз мәшіне қызып кетеді. Ал түнде неше түрлі адамды, неше түрлі жаққа апарып тастайсың. Мысалы, сыраханаға, саунаға, көңілдесіне т.б. жерлерге. Енді сұрақ: Маған соған күнә жазыла ма? Табысым арам ба?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, егер тапсырыс беруші клиенттің сырахана т.б. сол сияқты харам істер істелетін жерге баратындығын алдын-ала біліп тұрсаңыз, мысалы, бағдарламада көрсетілген адреске қарап немесе бұрын апарған жері болса т.б., ол кезде оның тапсырысын қабылдамай, басқа тапсырысты күткен дұрыс. «Кім Аллаға тақуалық қылса, Алла оған шығар жол жаратып қояды» делінеді аятта[1].

Алайда көрсеткен адресінің қандай жер екендігін нақты білмесеңіз, көрсеткен адресіне апарып тастаудың сізге күнәсі жоқ, тіпті қандай жер екенін апарғаннан кейін біліп жатсаңыз да, сізге күнәсі жазылмайды, өйткені сіздің ісіңіз – ақшаға адам тасу, мұндай істің өзін алып қарағанда адал іс. Ал кімнің қайда және қандай мақсатта баратындығы сізге белгісіз болғандықтан, сізге күнәсі жоқ. Табысыңыз адал. «Алла Тағала пендесіне шамасы жететінді ғана міндеттейді» делінген[2]. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Құран Кәрім: «Талақ» сүресі, 3 аят.
[2] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 286 аят.

Абдусамат Қасым